Британдықтар Абайдың өлеңдерін оқудан челленджге қосылды

Британдықтар Абайдың өлеңдерін оқудан челленджге қосылды

Хәкім Абайдың туған күні – 10 тамыз қарсаңында британдықтар  ұлы ақынның 175 жылдығына орай оның өлеңдерін оқудан жүріп жатқан челенджге да қосылды. Ақын, ойшыл, қаламгердің туындыларын саясаткерлер, ғалымдар және шығармашылық зиялы қауым өкілдері ағылшын тілінде оқып, әлеуметтік желілерде жариялап жатыр.

Мысалы, Ұлыбритания заң шығарушы органының беделді депутаттарының бірі – консерватор Боб Стюарт Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» өлеңін таңдаса, челлендждің тағы бір қатысушысы, Абердин қаласының лорд-мэрі Барни Крокетт ұлы ақынның терең философияға толы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінен үзінді келтірген. Қатысушылардың айтуынша, Абай поэзиясы Шекспирдің шығармашылығымен пара-пар, себебі әрдайым өзекті және зор сұранысқа ие. 

Еске салсақ, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған челленджді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған болатын. Содан бері ұлы ақын шығармаларын оқу эстафетасына Әзербайжан, Татарстан, Қырғызстан, Жапония, Өзбекстан, Франция және АҚШ елдерінің елшілері, дипломаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қолдау білдірген.

Ал британдық ақын, жазушы, аудармашы Джон Фарндон британ көрерменін «Абай» операсымен қауыштыру жолында еңбек етуде.

«Қазіргі уақытта мен Ахмет Жұбановтың «Абай» операсын аударып жатырмын. Қазақстан Елшілігінің қолдауының арқасында бұл операны Ұлыбританияға тұңғыш рет келесі жылы алып келеміз деп үміттенеміз. Мен Абай шығармашылығымен жақсы таныспын және бұл челленджге қуана қатысып жатырмын»,- дейді Джон Фарндон. 

Абайдың 175 жылдығына арнап Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі бірнеше шара жоспарлаған. Атап айтқанда, жыл соңына қарай ақын шығармаларының жаңа жинағының тұсаукесері өтпек. Кейін ағылшын тілінде Абай әндерінің кітабы жарық көреді. Бұдан бөлек, қазақстандық және британиялық орындаушылардың онлайн-концерті ұйымдастырылады. 

«Абайдың әрбір өлеңі адамзатқа деген, адам баласына деген сүйіспеншілікті насихаттайды. Сондықтан Абайдың өлеңдерін өзіміз ғана оқып қоймай, сонымен бірге барша әлем халықтарымен бөлісуіміз керек деп ойлаймыз. Осы арқылы біз Абайды дәріптеу, насихаттау, Абайдың мұрасымен бөлісу ісіне кішкене ғана үлесімізді қоса аламыз деп үміттенеміз», - Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің хатшысы Кәмшат Күмісбай.

 

Фото: 24.kz