Жаңа мүмкіндік: сұранысқа ие мамандықты мемлекет есебінен меңгеру

Жаңа мүмкіндік: сұранысқа ие мамандықты мемлекет есебінен меңгеру

Елордада жұмыссыздар үшін қажетті мамандықтар тегін оқытыла бастады. Оның үстіне оларға шәкіртақы да тағайындалады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс берушілердің өтінімі арқылы ұйымдастырылатын кәсіптік оқытудан кейін жұмыссыздар ары қарай еңбекпен қамтылады. Елордалық жұмыспен қамту орталығындағы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қатысу үшін алдын ала жазылу қажет. Қайта даярлау келесі мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

«Аспаз, наубайшы, кондитер, тігінші, тігінші шебер, шебер-шаштараз, бақылаушы-кассир, анимация және видеография, тәрбиешінің көмекшісі, жиһаз құрастырушы, ағаш бойынша бояу цехының шебері, арматурашы, монтажшы, газ жабдығын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарь, газ электр дәнекерлеушісі, электрослесарь, жартылай автоматты машинадағы электр дәнекерлеушісі мамандықтарын даярлау бойынша оқытылады»,- делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысу үшін 155 орын ашылды. Оқыту мерзімі біліктілік пен дағдыларына байланысты бір айдан үш айға дейінгі аралықты қамтиды. Кәсіптік оқыту білім беру ұйымдарында дуальды оқыту элементтерімен жүзеге асырылады.

«Бағдарламаға қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты немесе уақытша тіркеудің болуы, қолданыстағы немесе тоқтатылған ЖК немесе ЖШС болмауы қажет. Бағдарламаға қатысушылар мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі, оқу кезеңінде 21 787 теңге мөлшерінде шәкіртақы және медициналық тексеруден өту үшін 5 556 теңге мөлшерінде материалдық көмек төленеді», - деп хабарлады елордалық жұмыспен қамту орталығы.

 

Фото: platon.asia