Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қайта жөндеуден өтеді

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қайта жөндеуден өтеді

Түркістандағы «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени мұражай-қорығы қайта жаңғырады. Бірнеше дәуірдің мәдениетін біріктіру үшін нысанның архитектуралық кескін-келбеті қайта жасақталады. Ауқымды құрылыс аясында қаланың басты тарихи нысаны – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де қайта жөнделеді. Қазір мұнда құрылысшылар мен сәулетшілер тарихи құнды нысанды қайта қалыпқа келтіруге күш біріктіруде. Басты мақсат – сан түрлі мәдениетті біріктірген нысанның жаңа келбеті мен құндылықтарын сақтап қалу.

«Егер жай құрылыста күнделікті цемент қолданса, мұнда цемент емес, өздері зертханада жасап шыққан сұйықтық пайдаланады. Сондықтан бұл өте күрделі және қомақты жұмыс»,- дейді ҚР Мәдени және спорт министрлігінің департамент директоры Күміс Сейітова.

Бүгінде кесененің күмбезі толық жаңартылған. Ұзақ уақыт реңін сақтау үшін арнайы вентиляциялық жабындымен боялыпты. Енді ғұламаның жатқан бөлмесі мен қасындағы хандар жиын өткізген сарай да реконструкциядан өтеді. Жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспары бар.

«Бұл уақыттарда кесене толық бітпеген. Әмір Темір қазасынан кейін таққа таласу басталды. Бұл кесене құрылысы әр ғасырда жүріп отырды. Қазір сақталған кесене көріп тұрғандай қайта жаңартылып, жаңаша рең қалыптасады»,-деді «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры м.а. Ерсін Тәжібаев.

Түркістандағы 18 мәдени ошақ күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында ботаникалық бақ ашып, этноауыл бой көтереді. Ал қазір қазба жұмыстары жүріп жатқан Күлтөбе деп аталған ескі қаланың орны ашық аспан астындағы музейге айналмақ.

 

Фото: kazakhstan.travel