Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілуі мүмкін

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілуі мүмкін

Каспий итбалығын Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар қатарына қосу жоспарлануда. Отандық мамандардың пікірінше, бұл – оның санын сақтауға ықпал ететін қосымша шара. Мысалы, осы мақсатта Ақтауда өткен жылы Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы ашылды. Мұнда мамандар ауру және жарақат алған итбалықтарды емдеумен және сауықтырумен, емдік-оңалту шаралары аяқталғаннан кейін сау жануарларды Каспий теңізіне жіберумен айналысады.

«Бізде арнайы ванна бөлмелері, ас үй бар, яғни қиын жағдайға тап болған итбалықтарға көмектесу үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Өкінішке орай, бізге жануарлар өте ауыр жағдайда келеді. Каспий итбалығының популяциясын сақтап қалу үшін оны Қызыл кітапқа енгізу керек. Еліміздің әрбір азаматы Каспий теңізінің экологиясы туралы ойлануы керек. Барлық бей-жай қарамайтын адамдардан Каспий итбалығын сақтауға көмектесуді сұраймыз. Егер жараланған итбалықты көріп жатсаңыздар, бірден орталыққа хабарласыңыздар. Адамдарға, жағаға шығатын жануарлар көмекке мұқтаж деген сөз. Итбалық табиғатынан агрессивті жануар. Солай олар өздерін қорғауға тырысады. Оларға агрессиямен жауап бермеу керек. Еліміздің биоалуандылығын сақтау үшін барынша бірге күш салуымыз керек», - дейді Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының дәрігері Анна Тростетова.

Сарапшылардың пікірінше, итбалықтардың азаюына бірнеше фактор әсер етеді – браконьерлік, теңіздің ластануы, вирустық аурулар. Бұл – бүгінде Каспий теңізінде мекендейтін сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Түрлі дереккөздердің мәліметтері бойынша, олардың қазіргі саны 170 мыңнан аспайды. Алайда, ғалымдардың айтуынша, бұл сандарды растайтын нақты мәліметтер әлі күнге дейін жоқ. Қазақстандық зерттеушілердің айтуынша, нақтылық үшін құрлықта да, суда да жануарлар популяциясын бірнеше жыл мұқият және терең зерттеу қажет. Соңғы рет аталмыш теңіз жануарының санын талдау 8 жыл бұрын жүргізілген.

«Итбалық - белгілі бір уақытта құрлықта, белгілі бір уақытта теңізде өмір сүретін су тіршілік иелерінің өте күрделі түрі. Ұзақ уақыттан бері осы жылы алғаш рет Каспийде итбалықтар популяциясын есепке алудың үш түрі, мультиспектрлік, визуалды талдау және бейнетүсірілім негізінде жүргізілді. Бұл Каспий теңізіндегі итбалықтардың саны туралы алғашқы объективті мәлімет болып табылады. Біз бірнеше жыл бойы осы есептерге сүйенуіміз керек. Қысқы есепке алу әдісі өте маңызды, өйткені олар көбею үшін Солтүстік Каспийдің мұзына жиналады», - деп атап өтті гидробиология және экология институтының директоры Мірғали Баймұқанов.

Гидробиология және экология институты басшысының пікірінше, алдымен итбалықты сақтаудың заңнамалық негізін дайындап, содан кейін оны республиканың Қызыл кітабына енгізу қажет.

«Итбалық түрін Қызыл тізімге енгізу туралы ҚР Үкіметінің Қаулысы шыққаннан кейін Каспийде тормен балық аулаға тыйым салу керек, өйткені балық аулаудың бұл түрі итбалықтардың өліміне жиі себеп болады, ал заңнама бойынша жануардың өлімін болдырмау үшін барлық шараларды қабылдау қажет. Егер бұл шаралар көрсетілген тізімге енгізілгенге дейін жасалмаса, болашақта итбалықтардың өлімі оңай жасырылып қалатын болады. Итбалықтарды құтқарудың құқықтық тетіктері әзірленбеген. Сондай-ақ, Каспий итбалығы популяциясының құрылымын зерттеу тоқтатылады. Сондықтан, Каспий итбалығын енгізу туралы шешім қабылданғанға дейін осы шешімнің алдындағы іс-шараларды қамтитын Каспий итбалығын сақтау жөніндегі егжей-тегжейлі жоспарды әзірлеу және келісу қажет», - дейді маман.

Каспий итбалығын өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлардың түрлерінің тізбесіне енгізу туралы шешім өткен аптада балық шаруашылығы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық зоологиялық комиссияның отырысында қабылданды. Алайда, ақырғы шешімді ел Үкіметі жақын арада шығарады.

 

Фото: m.azh.kz