Жошы хан тарихи-мәдени кешені жыл соңына дейін қолданысқа беріледі

Жошы хан тарихи-мәдени кешені жыл соңына дейін қолданысқа беріледі

2020 жылдың соңына қарай «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ төрағасы Ержан Еркінбаев мәлімдегендей, нысан аса танымал туристік орынға айналады деп күтіліп отыр. Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге орай Қарағанды облысының Ұлытау ауданында ауқымды жұмыстар қолға алынған.   

«Этнотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлытау» ауқымды жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба еліміздің ТОП туристік орталықтарының біріне айналады деп күтілуде. Жыл соңына қарай «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталуы тиіс»,  - деді Ержан Еркінбаев.

Жошы хан кесенесі – Шыңғыс хан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгі. Сондықтан оның жанынан бұл мазардың дүниежүзі тарихын өзгерткен дара тұлғаға тиесілі екенін алыстан әйгілеп тұрар айбынды ескерткіш-белгі тұрғызу көзделген. Кешенде Жошының ұрпақтарына, Алтын Орда, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал және шағын асхана мен қонақ үй салынады.

«Аталған кешен аумағында этноауыл орналыстыру көзделуде. Мұнда туристерге жайлы болуы үшін турмаршруттар ұйымдастырылып, кіре беріс жолдары жақсартылмақ», – деді Ержан Еркінбаев.

Қайта жаңғыртылған тарихи кешен саяхатшылар мен зерттеушілер үшін зор қызығушылық тудырып, туристік тартымды орынға айналары сөзсіз, дейді  спикер. Бүгінде мұнда отандық және шетелдік туристерді тарту мақсатында «Ұлытау» бренді аясында «Қасиетті Ұлытау», «Хан Жолы», «Теректі Әулие» және «Қорғасын құпиясы» атты туристік бағыттар әзірленді.

Келешекте  Жошы хан кесенесін  ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне» енгізу қарастырған. Себебі, әлемдік деңгейдегі беделді туристік операторлар, саяхатшылар сапарын жоспарлағанда, аталған халықаралық ұйымның тізіміне енген ескерткіштерге қарап, бағыт-бағдар түзеді.

 

Фото: inform.kz