Абай арқылы ағылшынша үйрен

Абай арқылы ағылшынша үйрен

«Абай арқылы ағылшынша үйрен». Елордалық тіл маманы Ернат Мелсұлы осындай атаумен арнайы оқу әдістемесін әзірледі. Мақсат – Ұлы ақынның кеңге танымал шығармаларын терең талдаумен бірге шет тілін меңгеру.

«Әдістеме негіздері мынадай: Бірінші кезекте, ұлы ақынның түпнұсқа шығармасы үйретіледі. Сосын шығармадағы әр сөздің, әр ұғымның ағылшынша баламасын меңгересіз. Одан ары қазақша және ағылшынша жан-жақты түсініктеме беріледі. Шығармадағы сөздер мен ойлар қосымша материалдар арқылы толықтырылады, бекітіледі», - дейді әдістемесінің авторы.

Тіл үйрету барысында видео, аудио, иллюстрациялық материалдар кеңінен пайдаланылады. Ернат Мелсұлы биыл осы әдістемесіне негізделген «Ғылым тап - Find science» атты мотивациялық кітабын шығаруды жоспарлап отыр. Онда Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі арқылы ағылшын тілі үйретіледі.

«Негізі бұл өлең бұрын-соңды ағылшын тіліне аударылып көрмепті. Өлеңнің құрылымына, мазмұнына байланысты лексикалық, грамматикалық түсініктемелер және мотивациялық цитаталар, иллюстрация қоса беріледі», -дейді кітап авторы.

Айта кетейік, Ернат Мелсұлы бұған дейін «Ағылшынша тіл сындыру» өз бетімен үйрену құралын көпшілік назарына ұсынған болатын. Бұл кітап өте жоғары сұранысқа ие. Тіл маманы Нұр-Сұлтан қаласында тіл меңгеруге арналған  орталығын ашқан.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов