«Аға буыннан үлгі аламыз»: медик-студенттер коронавируспен күреске үлес қосып жүр

«Аға буыннан үлгі аламыз»: медик-студенттер коронавируспен күреске үлес қосып жүр

Бүгінде қатерлі індетпен күрестің алдыңғы шебінде тәжірибелі ақ халаты абзал жандармен бірге болашақ дәрігерлер де жүр. Елордалық емханаларда науқастарды сауықтыру қамында «Астана» медициналық университетінің студентері аға буын қатарлы аянбай еңбек етіпкеледі. Қиын қыстау кезде белсенділік танытып жүрген қайырымды ұрпақтардың бірі – Нұриддин Розмат. «Педиатрия» мамандығы бойынша интернатура түлегі Нұр-Сұлтан қалалық көпсалалы жұқпалы ауруларға арналған орталықтың инфекционист дәрігерінің көмекшісі қызметін атқарып жүр. Түркістан облысының тумасы дәрігерлік мамандықты 7 жыл бойы меңгерген. 25 жасар маман биыл аталмыш оқу орнының резидентурасында бар білімін толықтыруды жоспарлап отыр. Болашақта алған білімі мен тәжірибесін балалардың денсаулығын жақсартуға жұмсаймын дейді. 

«Біз күнделікті сағат таңғы сегізде жұмысқа келеміз. Дәрігерлермен бірге ординатор кабинетінде жұмыс киімін киіп, негізгі қызметімізге кірісеміз. Алдымен науқастарды аралап хал-жағдайларын білеміз. Сағат тоғызда қолымызда науқастардың сырқаттама қағазы болуы керек. Әр науқастың жүрек соғысын өлшеу маңызды. Медбикеден дене қызуы көтерілді ме, жоқ па, соны білеміз. Кейін күнделікті толтырып, онда науқас түнді қалай өткізгені жөнінде мәліметтер жазамыз. Кейін бөлім меңгерушісі, дәрігерлермен ақылдасып емдеуге қатысты нұсқаулар жасаймыз. Тәжірибелі әріптестер білгендерінен аянбай ақыл-кеңестерін беріп тұрады. Мен дәрігерлік жолды таңдағаныма, ЖОО тәмамдап осы қызметте жүргеніме қуаныштымын. Дәрігерлерді мақтан тұтамын», - дейді жас маман

Сондай-ақ, Нұриддин біліміне деген сенім ұялап, таңдаған мамандығына асқан жауапкершілік танытуға үйренгенін айтады.

«Мен көктемде COVID-19-бен ауырып, сауығып шықтым. Екі апта емделіп, кейін оқшаулауда болдым. Ең бастысы, жақындарым қатерлі дерттен дін аман.  Мен аса күрделі істе өзіңе сенімді  болып жауапкершілік таныту керектігін үйрендім. Медициналық оқу орындарының студенттеріне айтарым: «Қиындыққа мойымай, алға басу керек. Ең бастысы, өз істеріңе сенімді болсаңдар, қолдарыңнан бәрі келеді. Ал дәрігерлерге оңай емес, қызметтерінде сәттілік, ауырмауларын тілеймін», -  дейді Нұриддин Розмат.

Оның айтуынша, қазір жүздеген студент іс жүзінде шыңдалып, тәжірибе жинап жатыр. Ең бастысы, ұлт саулығы үшін күресіп, мұқтаж жандарға аз да болса көмектері тиюде.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов