БҰҰ Бас хатшысы қала өмірін қайта құрылымдап, өзгертуге шақырды

БҰҰ Бас хатшысы қала өмірін қайта құрылымдап, өзгертуге шақырды

Коронавирус тіркелген оқиғалардың шамамен 90% қалаларға тиесілі. Бұл көбіне халықтың тығыз орналасуымен ғана емес, қала өмірін ұйымдастыру, адамдардың өмір салты, олардың қайда жұмыс істеп, қалай әрекет етуіне байланысты болып отыр. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш айтты. Бүгінде ғаламшар тұрғындарының 55% астамы қалада өмір сүріп жатыр. Шаһар тұрғындарының шамамен 24 пайызы адамдар тығыз тұратын, қарапайым санитарлық-гигиеналық жағдайы жоқ аудандарда тіршілік етуде, делінген БҰҰ жаңалықтары сайтында.

«Негізгі ауырлық қалаға түскен. Олардың көбінде денсаулық сақтау жүйесіне көп салмақ түскен, сумен жабдықтау және санитария қызметі жөнді емес, өзге де пролемалары толып жатыр. Қала әлемін қайта ойластырып, өзгертетін уақыт келді. Қазіргі қалыптасқан жағдайға бейімделетін сәт келіп жетті», - деп мәлім етті БҰҰ-ның Бас хатшысы.

Антониу Гутерриш үш бағытта әрекет етуге кеңес береді: қаладағы теңсіздік көлемін қысқарту, жергілікті билік пен қала тұрғындарының әлеуетін нығайту және барлық тұрғындар үшін тұрақты әрі әділ даму жағдайын жасау.

Бас хатшы  сондай-ақ, COVID-19 жаһанық деңгейде табиғаттың жақсаруына оң әсер еткенінде алға тартып отыр. Төтенше жағдай кезіндегі түрлі шектеу шараларының нәтижесінде  қоршаған ортаға көптеп бөлінетін улы заттардың  көлемі азайған. Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының өткен мамырда жасаған баяндамасына сәйкес, Барселона, Милан, Лондон, Париж қалаларында парниктік газдардың мөлшері әлдеқайда төмендеген.

Бұл көрсеткішті жақсарту үшін шаһар басшылары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қаржыландыру көлемін арттырып, жасыл жобаларды жүзеге асыруды қолға алған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: unaids.org