«Абайға жол» экпедициясы Семейге жетті

«Абайға жол» экпедициясы Семейге жетті

Алматы қаласынан 12 маусым күні жаяу шыққан ағайынды Дамир мен Дәулет Кушеевтер 1200 шақырымды артқа тастап, Семей өңіріне жетті. Олар бұл межені 46 күн дегенде еңсерген. Жаяу жорықтарын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы мен Волонтерлер жылына орайластырған олар «мақсатымыз - өскелең ұрпақтың қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру» дейді.

«Бұл біздің бірінші жобамыз. Еш ойланбастан оны жүзеге асырдық. Кейбіреулері неге көлікпен, атпен, тым болмаса велосипедпен бармайсыңдар деп сұрап жатты. Себебі біз қазақтар туралы стереотиптерді бұзғымыз келді. Ол жалқау халық емес. Оны біз дәлелдедік. Мақсат қойдық, оған жеттік»,- дейді волонтер Дамир Күшеев.

Саяхатшылар күніне 40 шақырым жүріп отырған. Ал Семей олардың ұзақ сапарларының соңғы нүктесі болды.

«Ауа райы біраз қиындық туғызды. Шығыс Қазақстан облысында жауын көп жауды. Қатты жел, ыстық күндер де болды. Ал жолда көлікпен кетіп бара жатқандар тоқтап, жеткізіп салайық деп ұсыныстарын білдірді. Бірақ біз өз сөзімізде тұрдық», - дейді Дамир Күшеев.

Бастапқыда экспедиция құрамында төрт адам болған. Алайда оның екеуі ұзақ жолға шыдамаған. Ал мәреге жеткен Дамир мен Дәулет Абай ауданына қарасты Қарауыл мен Жидебай шатқалында болып, Абай жерленген кесенеге барып, аймақтағы басқа да киелі орынды аралап, ұлы ақын туған өлкенің керемет жерлерін өз көздерімен көрді. Болашақта ағалы-інілі волонтерлер тағы да осы сынды жобаларды жүзеге асырмақ ниетте. Ал еріктілердің «Абайға жол» саяхатының күнделіктерін @damir_za_mir_almaty парақшасынан көруге болады.

 

Фото: time.kz