Қазақстанда коронавируспен күрес шараларына қатысушыларға үстемеақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді

Қазақстанда коронавируспен күрес шараларына қатысушыларға үстемеақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді

3 тамыздан бастап коронавирус инфекциясымен күрес шараларының алдыңғы шебінде жүрген ақ халаттыларға арналған үстемеақы төлеудің жаңа жүйесі күшіне енеді.

«COVID-19 эпидемиясына қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстемеақы: 1. «Қауіптілігі аса жоғары» тобына үстеме ақы 20 жалақының ең төменгі мөлшерін (ЖТМ) құрайды; 2. «Қауіптілігі жоғары» медицина қызметкерлеріне - үстемеақы 10 ЖТМ; 3. «Қауіптілігі орташа» тобындағыларға үстемеақы 5 ЖТМ құрайды»,- делінген ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің 23 шілде 2020 ж. № 471 қаулысында.

Ережелер үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылатындығы атап өтілді. Жәрдемақыны белгілеу тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

Бүгінгі таңда COVID-19 індетін жұқтырған 113 медицина қызметкері 2 млн теңге көлемінде біржолғы төлем алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктен МӘСҚ-қа төлемге барлығы 123 өтінім келіп түсті. Өңірлер бойынша ең көп Алматы қаласынан - 46, Алматы облысынан - 38 және Солтүстік Қазақстан облыстарынан - 10  өтінімдер келіп түсті.

«Қалған 10 өтінім бойынша деректерді ДСМ қосымша тексеруде. Нақтыланған мәліметтерді ұсынғаннан кейін бұл медицина қызметкерлеріне дереу төлем тағайындалады»,- деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Еске салсақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге  сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан,  вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.

 

Фото: liter.kz