Ақтаулық еріктілер тобы табиғатқа жанашыр болуды іспен дәлелдеп жүр

Ақтаулық еріктілер тобы табиғатқа жанашыр болуды іспен дәлелдеп жүр

«Табиғатты аялайық»!  Бұл тіркес тек қана ұран болып қалмау керек. Бұл жуырда Маңғыстау облысында құрылған еріктілер тобының ұстанымы. «Эко Сафари Ақтау» жастары қарапайым адамдар арасында күннен күнге танымал болып келеді. Біз табиғатқа жанашыр жандардың еленуі тиіс еңбегін үлгі етпек ниетте сөзге тарттық.

Қасиет қонған Маңғыстау мекенінің тумасы, «Эко Сафари Ақтау» ұйымының бастамашысы Әсел Доғдырбайқызы бала күнінен өз мекенінің тазалығына аса мұқияттылықпен қарап келгенін айтады. Ал кейін туған жерге деген сүйіспеншілігі жанашырлыққа ұласып, еріктілер қатарына қосылған.  

«Ақтауда туристік әсем орындар, қасиетті мекендер өте көп. Сәйкесінше сырттан келушілер де, өзіміздің қала тұрғындары да сол жерлерге жиі барып тұрады. Өкініштісі, әсем орындарды көруге, тамашалауға келген қонақтар өздерінен кейін қалған қоқысты алып кетпейді. Ал қоқыс деген не? Әрине,  ең бірінші табиғаттың әсемдігіне, экологиялық тазалығына зиян келтіруші. Сондықтан да біз ақтаулық жастар болып бас қосып,  әр демалыс сайын белгілі бір туристік орынға барып тазалауды бастап кеттік»-, деп бөлісті Әсел Доғдырбайқызы.

Бастапқы ойы туған жерін таза ұстау болған Әсел өз ісіне танымалдылық беруді тіпті де мақсат тұтпаған. Алайда, маусым айында Маңғыстау өңіріне танымал блогер Катерина Кошко қонаққа келді. Ол Әсел бастаған бір топ қыздардың  еңбегін көріп, әлеуметтік желіден парақша ашып, еріктілер ұйымын құрып, оған ат қою туралы кеңес береді.  Сол сәтте еріктілердің өзара шешімімен «Эко Сафари Ақтау» атауы пайда болыпты. Бүгінде ұйым құрамында 20-дан астам ерікті бар.

«Катерина Кошко танымал блогер. Ол әрбір еңбектің қайыры барын айтып, бізге осындай ұйым құруға кеңес берді. 15 маусымнан біз жаңа атаумен өз ісімізді жалғастырып кеттік. Ал Катерина өзге де облыстардың еріктілеріне аталмыш идеяны айтып, бәлкім «Эко Атырау», «Эко Шымкент» сынды ұйымдардың пайда болуы мүмкін екендігіне сенім білдірді»-, дейді ерікті.

Өткен демалыс күндері «Эко Сафари Ақтау» еріктілерінің күшімен «Көгілдір» айлақта кезекті сенбілік өтті. Жастар өз бетімен Газель автокөлігін жалдап, 1,5 тоннаға жуық (40 қап) қоқыс шығарған.

«Біз бірінші кезекте амалдың жоқтығынан емес, туған жердің топырағын асыл санағаннан осындай істі қолға алдық. Алдағы уақытта демалушылар өз қоқыстарын өздері алып кетсе деген бір ғана тілек бар» - деп сөзін қорытындылады ерікті.

Әр еңбектің өтемі бар. Ал «Эко Сафари Ақтау» сынды ұйымдардың еңбегіне өтем- жауапкершілік пен табиғатқа жанашырлық. Сондықтан өз кезегімізде еріктілер еңбегі құр кетпес үшін туристерді аса мұқият болуға шақырамыз.