Нұр-Сұлтан қаласының 3D картасы әзірленуде

Нұр-Сұлтан қаласының 3D картасы әзірленуде

100-ден астам маман Нұр-Сұлтан қаласының 3D картасын жасап жатыр. Елордадағы ғимараттар мен инженерлік желілер цифрландыру ісіне жерді қашықтан зондтау, аэрофотүсірілім, картография, фотограмметрия, ақпараттық технологиялар жөніндегі кәсіп иелеріжұмылдырылған. Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, 3Д картаны келер жылдың соңында тапсыру жоспарланып отыр.

«Қаланың 3D картасы мен инженерлік желілерді цифрландырылу жұмысы 3 кезеңнен тұрады. Алғашқысы ол қаланың 2D картасын жасау, содан соң 3D картаны әзірлеу және үшінші кезең инженерлік желілер картасын дайындау. Аталған бағыттағы жұмыс осы жылдың 10 маусымында басталып, 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталу жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.

Мекеменің мәліметінше, цифрландыру және 3D жұмысына толықтай отандық мамандар тартылады. Оның ішінде, ғимараттар мен инженерлік желілерді цифрландыру жұмыстарына «KazAeroSpace» ЖШС жауапты және онда толықтай отандық мамандар жұмыс істейді. Бұл жауапты ұйым қаланың картасын фотограмметрия ғылымының негізіне сүйеніп әзірлемек. Ол технологияның патенті мен авторлық құқығы бар.

Сондай-ақ, аталған басқарма қазіргі уақытта қаладағы инженерлік желілер бойынша қандай проблемалар барын да атап өтті.

«Бүгінгі таңда қаланың инженерлік желісінің басты проблемасы - картада координаттар дұрыс орналастырылмаған. Сондықтан қандай да бір жер жұмыстарын жүргізу кезінде инженерлік желілерді зақымдау қаупі бар. Бұл мәселені шешу үшін инженерлік желілердің бірыңғай картасы болуы шарт. Сондай-ақ, аталған карта коммуналдық қызмет, қала әкімдігі және басқа да мүдделі тараптардың жұмысы барысында қажет», - деп хабарлайды басқарма.

 

Фото: finance.kz