Елге келген гуманитарлық көмектер туралы ақпарат сайтқа жүктеледі

Елге келген гуманитарлық көмектер туралы ақпарат сайтқа жүктеледі

Гуманитарлық көмекті тарату үрдісі , медициналық мекемелерге жеткізілетін дәрі-дәрмектер бойынша ақпарат бұдан былай жалпы көпшілікке ашық. Осы бағыттағы барлық мәліметті «СК-Фармация» компаниясының сайтындағы «Халықтық бақылау» бөлімінде көруге болады. 

«Барлық өзекті ақпарат күн сайын осы бөлімде жаңартылатын болады. Ведомстволарда коронавирустық инфекциямен күреске тартылған соңғы тұтынушы – ауруханалардағы медицина қызметкерлері үшін қажет жеке қорғану құралдарын, дәрі-дәрмектерді, медициналық бұйымдарды жедел түрде алуды қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек мәселелеріне  жетекшілік ететін жауапты тұлғалардың тізімі қалыптастырылды», - делінгенкомпания таратқан хабарламада.

Сонымен қатар үрдістің ашықтығын барынша қамтамасыз ету үшін компания жанынан қоғамдық кеңес құру жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, «СҚ-Фармация» гуманитарлық көмек алу бойынша бірыңғай оператор ретінде барлық келіп түсетін гуманитарлық көмекті алу және таратуды жүзеге асырады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің келісімі бойынша медициналық ұйымдар арасында медициналық өнімдерді біркелкі бөлу бойынша рұқсат қағазын қалыптастырады және қайырымдылықтан түсетін тауарларды елдің медициналық ұйымдарына тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Қазақстанда қатерлі індеттің тарауына байланысты  карантин жарияланғаннан бері елге Қытай, Жапония, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Катар,Өзбекстан, Ресей және бірқатар ірі шетелдік компаниядан гуманитарлық көмек жолданды.Барлық медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек аймақтарға тең көлемде үлестірілді.

 

Фото: almaty.tv