Биыл Құрбан айт намазы оқылмайды

Биыл Құрбан айт намазы оқылмайды

Мұсылман қауымы үшін ұлық мерекеде Қазақстан мешіттерінде Құрбан айт намазы оқылмайды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.

«Биылғы Құрбан Айт мерекесі Ғұламалар кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Алайда еліміздегі карантин мерзімі 2 тамызға дейін ұзартылғандықтан, республика бойынша мешіттер жабық болады. Осыған байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды», - деді Бас Мүфти.

Бас мүфти қаситетті күндер мен айларда адам баласының риясыз жасаған құлшылығы мен дұғасы қабыл болатынын жеткізді.

«Осы күндері Ораза ұстап, садақа беріп, науқастарға дәрі жеткізіп, қараусыз қалған қарттар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға көмектесудің сауабы мол. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдардың сауабын Алла Тағала баршамызға нәсіп еткей», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ, бас мүфти онлайн түрде құрбандық шалу жүйесі іске қосылғанын мәлімдеді. Айтуынша, бұл жүйенің басты ерекшелігі – құрбандық етінің үштен бірі әдеттегідей шалған адамға берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға үлестіріледі.

«Биыл алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алдық. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты ашылып, 24 шілдеден, яғни бүгіннен бастап 24 сағат бойы жұмыс істейді. 30 шілдеге дейін құрбандық шалуға онлайн тапсырыс қабылдайды. Кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: egemen.kz