ҚХА шілде айында ауруханаларға 150 миллион теңгенің көмегін жасады

ҚХА шілде айында ауруханаларға 150 миллион теңгенің көмегін жасады

Пандемия кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері шет қалмай, бірқатар игі шараларды қолға алды. Әлеуметтік институт өкілдері соңғы бір айда дәрігерлер мен провизорлық орталықтарға қол ұшын созып,  150 миллион теңгеге дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алды.

Сонымен қатар, ауруханадағы науқастарға төсек жаймалары, гигиеналық заттар, антисептик, бетперде, ыстық тамақ таратып, жеміс-жидек жеткізді. Ем алып жатқандарға шипа болсын деген ниетпен түйе, сиыр, бие, ешкі сүті мен айран, сүзбе, құрт-ірімшік үлестірілді. Бұдан бөлек, ҚХА мүшелері жедел-жәрдем көліктеріне 7 тонна жанар-жағар май құйып беріп, баспанасыз қалған жалғыз басты аналарды қамқорлыққа алды.

Ассамблеяның ерікті жастары өз көліктерімен медицина мамандарына тегін такси қызметін көрсетіп, егде жастағы және жалғыз басты тұрғындарды вирусқа қарсы препараттармен, алдыңғы шептегі медицина қызметкерлері отбасынан оқшау тұрып жатқан қонақүйлерді ет өнімдерімен, көкөніспен қамтамасыз етті.

Оттегі баллондарын іздестіру, баллондарды толтыру, тасымалдау  сынды жұмыстарға атсалысты. Соның ішінде Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облысының этно-мәдени бірлестіктері ерекше белсенділік танытып, жергілікті ауруханаларға Ресейден алынған оттегі концентраторларын, тыныс алу аппараттары мен дезинфекциялық құралдар, электрокардиограф, электротермо коагулятор тарту етті.

Қазіргі сәтте барлық этно-мәдени бірлестіктер Құрбан айт мерекесіне орай «Мың алғыс» акциясын қолға алуға қызу дайындалып жатыр. Ендігі кезекте ақ халатты абзал жандардың отбасына қаржылай көмек беріліп, мерекелік дастархандарына азық-түлік себеттері тарту етілмек.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов