Мониторинг тобы елордалық дәріханалардан бірқатар заң бұзушылықты анықтады

Мониторинг тобы елордалық дәріханалардан бірқатар заң бұзушылықты анықтады

Қалалық мәслихат депутаттары, Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері, Nur Otan партиясының қалалық филиалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті, сондай-ақ қалалық жастар саясаты басқармасының еріктілерінен тұратын арнайы мониторинг тобы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауы, сондай-ақ рецептсіз сатылуы деректері бойынша дәріханаларға кезекті мониторинг жүргізді.

«Біз төрт дәріхананы араладық, олардың екеуінде антибиотиктерді рецептсіз сату фактісін анықтадық. Тағы бір дәріханада шекті бағадан қымбатқа сату фактісі тіркелді. Онда «Гепарин» препараты бір ампула үшін үш мың теңгеден сатылған, өз бағасы – 500 теңге», – деді «Астана - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Сәуле Бисембаева.

Мониторинг тобы өкілдерінің айтуынша, материалдар қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне, сондай-ақ одан әрі тексеру үшін полиция департаментіне жіберіледі.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елорда тұрғындарынан дәрі-дәрмектердің қымбаттауына қатысты 40-тан астам өтініш түскен.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендермен күрес күшейді. Дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттағаны анықталса, азаматтар іKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына, сондай-ақ +7 775 160 55 32 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберуіне болады. Сонымен қатар дәрі-дәрмектердің шекті бағасын dari.kz қосымшасы арқылы, ndda.kz ресми сайтынан немесе adilet.zan.kz сілтемесі арқылы ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен тексеруге болады.

«Көптеген провизорлар мен фармацевттердің шағымдары бойынша көтерме жеткізушілер мен дистрибьюторлар бірқатар дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатуда. Сондықтан, біз келесі мониторингті ірі жеткізушілерге, олардың дәріханаларға сату кезіндегі көтерме бағаларын шекті бағалармен салыстыра отырып жүргіземіз. Осыған байланысты кейбір дәріханалар қазіргі уақытта сұранысқа ие дәрі-дәрмектерді сатып алудан бас тартуда», – дейді қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов.

Сонымен бірге, қалалық прокуратура, полиция департаменттері, мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеу, фармацевтикалық бақылау қызметкерлерінен тұратын мобильді топ дәрі-дәрмекпен алыпсатарлық фактілерін болдырмау үшін күнделікті жұмыс істейді. Атап айтқанда, I-teka қосымшасын қолдана отырып, әлеуметтік желілердегі, атап айтқанда Instagram, Facebook, telegram, WhatsApp-та хабарламаларды тексеру жүргізіп, зерделеу арқылы бағалар үнемі қадағаланады.

 

Фото: baigenews.kz