#АнашымМаскаТақтыңызБа челленджі – Қазнеттегі жаңа тренд

#АнашымМаскаТақтыңызБа челленджі – Қазнеттегі жаңа тренд

#АнашымМаскаТақтыңызБа. Осындай хэштегі бар басылымдар соңғы уақытта әлеуметтік желілерде көптеп пайда бола бастады. Екі күннен аз уақыт ішінде 100-ден астам қолданушы өз парақшасында бетперде киіп қарапайым хабарлама жазды.

Еске сала кетейік, челлендждің бастамашысы - «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова. Осылайша, ол аналарымыз бен әкелерімізге, жақындарымызға қамқор болып, қауіпті індеттен сақ болуға шақырады. Игі шараны қолдаушылар қатары да аз емес. Елорда әкімдігінің сайтында хабарланғандай, бұл бастамаға «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының елордалық филиалы да қосылды.

«COVID-19 індеті ешкімді аяп жатқан жоқ. Осындай қиын-қыстау кезде бір-бірімізге демеу болуымыз қажет. Сіз бен біз үшін қымбат жандардың денсаулығы өте маңызды. Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі. Барша адамзаттың тәрбиешісі. Осыған орай барша қазақстандықтарды республикалық «Жас Ұлан» ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Анашым, маска тақтыңыз ба?» атты челенджге қатысуға шақырамыз», – дейді «Жас сарбаз» ЖӘПҚРҚБ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, челленджге қатысамын деушілер  анасымен бірге маскамен суретке немесе видеоға түсіп, оны #АнашымМаскаТақтыңызБа хэштегімен әлеуметтік желілерде жариялап, @jasulan_qz парақшасын белгілеуі керек.