Ішкі туризм: карантин кезінде қайда демалуға болады?

Ішкі туризм: карантин кезінде қайда демалуға болады?

Қызғылт көл мен Ақтау жағажайларының артынан енді Ақмола облысының курорттық аймақтары карантинге жабылады. Жазғы маусымда сырт елдерге ағылуды әдетке айналдырған қазақстандықтар пандемияның салдарынан енді ел ішінде де демалу мүмкіндігінен қағылғалы тұр.  Бүгінде туристерге толы Бурабайдың өзі ертеңнен бастап келушілерге жабық болады. Әзірге елімізде бар мүмкіндіктерді кәдеге жаратып жатқан демалушылардың бірі елорда тұрғыны Инесса. Ол отбасымен бірге Шортанды көлінің оңтүстік-батыс жағалауында демалып жатыр. Оның айтуынша мұнда туристердің қарасы қалың емес. Демалушылардың өзі жағдайды түсініп, қарапайым қорғаныс шараларын сақтауға тырысады дейді, ол

«Бұл жерге Бурабайдағыдай туристер көп емес. Барлық жерлер қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Демалушылардың барлығы бетперде киіп, қашықтықты сақтайды», - дейді Инесса.

Ал Бурабай курортындағы қонақ үйлерде бос орын жоқ. Демалушылар елдің түкпір-түкпірінен келеді. Ондағы кәсіпкерлер үлкен сұранысты пайдаланып бағаны шарықтатып жіберген жоқ дейді Инесса.

«Тамақтанумен бірге жатын орынды 8 мың теңгеге тауып алуға болады. Қайықпен жүзу сынды қызметтер бар. Негізінен әсем табиғат аясында жақсы серуендеуге болады», - дейді Инесса

Ақтаудың қоғамдық жағажайлары да карантинге жабылды

Карантин кезінде жағажайлармен бірге аквопарктер жабық болады. Ақтауда өңірдің бас санитарлық дәрігердің қаулысымен жағажайларға бес бірдей блок бекет қойылған. Курорттық қалада демалып қайтқандардың бірі Алекса Шев.

«Өкінішке орай, Ақтауда санитарлық талаптар қатты ескеріле бермейді. Қонақ үйлерде, демалыс базаларында, дүкендерде, бассйендерде жалпы қоғамдық орындардың денінде санитайзерлер жоқ. Адамдардың өздері қарапайым сақтық шараларына немқұрайлы қарайды», - дейді Алекса.

Сондай-ақ Алекса Ақтаудағы мейрамханалар лық толы, бәрінде бірдей маска кию талабы қойылмайды. Тек жағажайларында сақтық шаралары барынша ескерілгенін айтады.

Алматы облысындағы Алакөлде демалушылардың қатары 50% азайды

Жетісудың жауһары биылғы маусым басталғалы 200 мыңнан астам туристі қабылдады. Бұл өткен жылғы дәл осы мерзіммен салыстырғанда екі есеге аз дейді, мамандар. Ал шығыс жағалауында керісінше, келушілер қатары артып келетіні байқалады. Қазір онда елордалық Айгүл Сағындықова демалуда. Ол арнамызбен демалыстағы әсерімен бөлісті.

«Мұнда адамдар көп. Даяшылар бетперде киіп жүреді. Алйда ондайды демалушылардан көре алмадым. Бірен сараны ғана болмаса. Мұндағы бағалар да қолжетімді. Жатын орындарының бір тәулікктік құны 5 мың теңге шамасында. Аквопарк, саябақтар, атракциондар, жалға скутер, қайық, катамаран алу қызметтері жұмыс істеп тұр», - дейді Айгүл Сағындықова.

Шектеу шараларына қарамастан әлі де ел ішіндегі туристік аймақтарда демалушылардың ағыны толастар емес. Мамандар халық көп шоғырланатын жерлерге барудан бас тартуға кеңес береді. Ескертуге құлақ аспай, табиғат аясында демалатындар  болған жағдайда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек. Бұл қатерлі дертті жұқтырмаудың қамы дейді мамандар.

 

Фото: baigenews.kz