БҰҰ: СОVID-19 әлемдегі әрбір бесінші жасты жұмыссыз қалдырды

БҰҰ: СОVID-19 әлемдегі әрбір бесінші жасты жұмыссыз қалдырды

СОVID-19 салдарынан әлемдегі әрбір бесінші жас жұмыссыз отыр. Дағдарысқа дейін жасы 29-ға келмеген 178 миллион адам пандемиядан ең көп зардап шеккен секторлар – бөлшек сауда мен туризм саласында еңбектенген. Олардың 77 проценті заңсыз жұмыс істеген болуы мүмкін, деп хабарлайды Біріккен Ұлттар Ұйымы. Пандемия, сондай-ақ, жастарға білім беру процесі мен мамандар даярлау жағына да кесірін тигізген. БҰҰ өкілдері шұғыл шара қабылдамаса, бұл мәселе ондаған жылға созылып кетуі мүмкін дейді.

«Соңғы 20 жыл бойы бүкіл әлем жастарының 20 проценті жұмыссыз жүр және кәсіптік-техникалық білім алмай келеді. Ол аздай, коронавирус өршіп, еңбек нарығындағы жағдайды одан да бетер ушықтырып жіберді. Бізде 15 жыл ішінде жастарға 600 миллион жұмыс орынын құру жоспары болған. Пандемия басталмай жатып, ол толық орындалмай келген еді. Енді қазіргі жағдайда бұл көрсеткіштерге жету қиын болары сөзсіз»,- деді БҰҰ Бас экономисі Эллиот Харрис.

Ресейде індетке байланысты сәуір айынан бастап жұмыссыздық деңгейі 3,5 есе өскен. Бұл туралы премьер-министр Михаил Мишустин Мемлекеттік Дума депутаттарының алдында мәлімдеді.

Мишустиннің айтуынша, бүгінгі таңда елде 3 миллионға жуық адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Премьер-министр коронавирус еңбек нарығын түбегейлі өзгерткенін де жеткізді.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Ресей Федерациясында 787 890 СОVID-19 дерегі расталды. Қайтыс болғандар саны 12 726-ға жеткен.

Германияда да пандемия басталғалы 640 мың адам  жұмыссыз қалды. Жалпы елде 2,85 миллион жұмыссыз бар. Үкімет басшысы Детлеф Шеленің айтуынша, еңбек нарығын қалпына келтіру үшін кем дегенде 3 жыл уақыт керек. Германиядағы жұмыссыздар саны 3 миллион аспауы тиіс деді ол.

Жалпы Германияда коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 204 200-ден асты. 9100-ден аса науқас індет құрбаны атанды.

Ал, Швейцарияда Федералды Кеңес қысқартылған жұмыс кестесіне ауысқан жұмыскерлерге ақшалай өтемақыны төлеу мерзімін 12 айдан 18 айға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Осылайша, үкімет жұмыссыздықтың деңгейін асырмауға ниетті. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлердің жоғалған табыс көзін өтеу құқығы ретроактивті түрде қыркүйектің ортасына дейін ұзартылады.

Пандемия федералды бюджеттің жағдайына кері әсер етуде. Федералдық кеңес 2021 жылға жоспарланған бір миллиард франк тапшылығы бар бюджет қалыптастырды. Алайда тапшылық бұдан да көп болуы мүмкін.

Федаралды Кеңес сонымен қатар қоғамдық көліктер мен теміржолдағы жүк компанияларының шығындарын өтеу үшін 800 миллион франк бөліп отыр.

Жалпы Швейцарияда қауіпті індет анықталғалы 33 883 адам ауруға шалдығып, 1972-сі қайтыс болды.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, бүгінде  әлемнің 188 елінде коронавирус індеті 15 миллион 230 мыңнан астам адамда анықталды. Сонымен қатар, пандемия басталғалы 623 мың 400-ден астам науқас вирус құрбаны болған.  Шамамен 8 миллион 644 мыңнан аса адам COVID-19 инфекциясын жеңе алды.

Әлем бойынша вирусты жұқтыру және өлім-жітім фактісі бойынша Америка Құрама Штаттары әлі де көшбастап тұр. Бүгінгі таңда мұнда 3 млн 970 мыңнан аса адам індетті жұқтырған.

 

Фото: careerist.ru