Қазақстандық дөнер жасаушылар ыстық нан пісіріп, мұқтаж жандарға тегін таратып жүр

Қазақстандық дөнер жасаушылар ыстық нан пісіріп, мұқтаж жандарға тегін таратып жүр

Пандемия кезінде қазақстандық бизнесмендер елдегі еріктілер қозғалысының қатарын толықтырды. Қиын қыстау уақытта қарап отыра алмаған іскер азаматтар жеке кәсіптерін ел игілігіне жаратуды жөн деп тапқан. Қайырымды жандар Ұлттық волонтерлік желі ашқан сенім телефонына хабарласып, өз көмектерін ұсынып жатыр. «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ төрағасы Вера Ким онлайн брифинг барысында еріктілердің атқарып жатқан игі істерімен бөлісті.

«Бізге дөнер жасайтын адамдар жиі қоңырау шалады.  Төтенше жағдай кезінде олар көп көлемде ыстық нан пісіріп, мұқтаж жандарға тегін таратып жүр. Олар негізінен қауіпті топтағы қарттар, көп балалы отбасылар, мүгедек жандар мен асыраушысынан айрылған жалғыз басты адамдар», - дейді Вера Ким.

Сондай-ақ, пандемия кезінде елдегі шаруа қожалықтарының басшыларыбасшылар да көмек қолын созудан аянбай жатыр дейді, ол.  Белсенділік танытқан ауыл еңбеккерлері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға картоп, пияз сынды өздері жиған өнімдерін үлестіріп жатыр. Бұл игі істер әлі де жалғасын тауып келеді.

 «Көптеген адамдардың балалары мен жақындары Қазақтаннан шет елдерге шығып кеткен. Ондай жандарға біздің еріктілер көмек жасап, дәріханаға, дүкенге барып, керек-жарақтарымен қамтып тұрады. Әрине бұл көмектер  жүзбе жүз емес, қашықтан көрсетіледі», - дейді Вера Ким.

Бүгінде еріктілер қозғалысына қосыламын деген қазақстандықтардың саны артып келеді. Ел азаматтары негізінен азық-түлік пен дәрі-дәрмекке мұтаж болып отыр дейді, Вера Ким.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kazpravda.kz