Құрбан Айт 31 шілде мен 2 тамыз күндеріне белгіленді

Құрбан Айт 31 шілде мен 2 тамыз күндеріне белгіленді

Бүгін күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Зұлхижжа айы басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, бұл күндері ғибадат етіп, көбірек ізгі амал жасау құпталады. Ал 31 шілде мен 1-2 тамыз күндері – Құрбан айт деп белгіленді.

Биылғы Құрбан Айт мерекесі пандемияға байланысты жарияланған карантинге тұспа тұс келіп тұр. Сондықтан діни басқарма қасиетті күндері мейілінше адамдардың көп жиналмауы әрекеттерін қарастыруда. Мәселен, құрбандық шалу үшін онлайн тапсырыс беру ұйымдастырылмақ. Ол үшін арнайы сайт ашылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, қазір платформа жұмысына   қатысты техникалық мәселелер реттелуде.

«Тапсырыс берушіге жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріледі. Ең бастысы, пандемия кезінде үйден шықпауға, адамдармен байланыс жасамауға және интернетте құрбандық шалуға мүмкіндік беріледі», - деп хабарлады басқармадан.

Сайттың басты артықшылықтарының бірі - құрбандыққа шалынатын малдың бағасы сол жерде көрсетіледі. Таңдаған түліктің еті мұқтаж адамдарға таратылады. Өтінішті Qurban2020.muftyat.kz сайтында жіберуге болады.

«Құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді», - делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы таратқан мәліметте.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: Ummet.kz