Көбейтұз және тұңғиық гүл оқиғасы: табиғатқа залал келтіргендер жазасыз қалмайды

Көбейтұз және тұңғиық гүл оқиғасы: табиғатқа залал келтіргендер жазасыз қалмайды

Қазақстанның көркем табиғаты – еліміздің басты байлығының бірі. Алайда азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Алматыда тазалық пен сұлулықтың символына айналған ғажайып өсімдік алқабына келушілердің қарасы азаяр емес. Тоғанда өскен тұңғиық гүлдерді жұлып, адамдар  әлеуметтік желіде сурет  жариялауға әуес. Осыған байланысты Алматыдағы Первомай тоғанында сирек кездесетін гүлдерді жұлған тұрғындарды жазаға тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай құқықбұзушылықтар үшін ҚР ӘқбК 386-бабымен (Жасыл желекті ұстау, күтіп бағуда жіберілген заңбұзушылық) айыппұл қарастырылған. Тұңғиық гүл Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілсе, оны жұлған адам қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.

Отандастарымыздың соңғы уақытта проблемасы жиі айтылған Көбейтұз көліне келтірген зияны да орасан зор. Мәселен, қызғылт түсті Көбейтұз көліне көлігімен кіріп кеткен азаматтың фотосуреті әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Ақмола облысының полиция қызметкерлері ол жүргізушіні ұстап, әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартты.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері азаматтарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, табиғатқа жауапты түрде қарауға шақырды.

Ал, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұздың ластанып, ол аздай табиғи тұздың тиеп әкетілуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Экологтар судың сапасын тексеру үшін сынама алды. Сондай-ақ, Көбейтұз көлінен тұз бен батпақ алғандар жауапкершілікке тартылатын болады.

Сондай-ақ Көбейтұз көлі 49 жылға рекреациялық мақсатта жалға берілмейтін бодды. Бұл туралы Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мәлімдеді. Облыстық басқарма бұған дейін жарияланған конкурстың бірінші тармағы алынып тасталғанын айтты.

«Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы рекреациялық мақсатта жалға беру бойынша конкурс тізіміндегі су объектілері арасынан Көбейтұз көлін алып тастады», - делінген басқарма хабарламасында.

Түйткілді мәселенің түйінін шешуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үн қосты. «Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті «Көбейтұз» көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды»,- деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.

«Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек», - деп атап өтті президент.

 

Фото: tengrinews.kz