Көбейтұз көліне қауіп төніп тұр: ерекше су көзін қорғау шаралары қабылданады

Көбейтұз көліне қауіп төніп тұр: ерекше су көзін қорғау шаралары қабылданады

Экологтар дабыл қағуда. Халық арасында «қызғылт көл» деп аталып кеткен Көбейтұзға қауіп төніп тұр. Бірегей, ағынсыз тоғанға туристердің көптеп келуінен оның айналасы тұрмыстық қоқыстарға толып, шамадан тыс ластанып барады. Суы қорғалатын аймақта уақытша құрылыстар көбейген. Ол аз болғандай  табиғи тұзды рұқсатсыз алып кету оқиғасы жиілеп кеткен. Жағалауға жақын маңда шұңқырлар көп. Осында келген халық емдік қасиеті бар деп қара батпақты қазып алып, шелектеп тасып жатыр. Бұл көлдің экологиялық, биологиялық жүйесін бұзады. Бір сөзбен айтқанда, мұндай шұңқырлардың орны тез тола қоймайды. Экологтар бұл саз балшық пен тұздың емдік қасиеті жоқ дегенді алға тартып отыр. Алайда халық бұған құлақ асар емес.

«Бұл тұздың асқа пайдаланатын тұздың құрамынан ешқандай  айырмашылығы жоқ екенін айтқым келеді. Сәйкесінше, оның емдік қасиеті де болуы мүмкін емес», - дейді  ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов.

Қызғылт көлдегі мәселемен жіті танысу мақсатында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің арнайы инспекциясы Көбейтұзға аттанды. Мамандар көлге келушілерге заңға сәйкес тиісті әкімшілік жаза бар екенін ескертеді. Суға шомылудың белгіленген тәртібін, санитарлық норманы және экологиялық заңнаманы бұзушылар жазаға тартылады. Белгіленген ережені ескермегедерге айыппұл салынады.

«Жаңа ғана біз Көбейтұз көліне келдік. ҚР ЭГТРМ Экология, геология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов бастаған министрліктің мамандарынан құралған топ қажетті жұмыстарды атқарып жатыр. Тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен бірге экологтар судың сапасы тексеру үшін сынамасын алды», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Туристердің жауапсыздығы жалғаса берсе, көлдің бірегей түсі бірте-бірте жоғалуы мүмкін. Мамандардың мәліметінше, табиғат жаратқан ғажайыбына тағылық қарым-қатынас жасау мен адамдардың қаскөй әрекеті көлдің суалуына, кейіннен жойылуына әкелуі ықтимал.

«Бұл мәселені шешу жолдарының бірі рекреациондық аймақты жеке ұйымдардың қарауына бекіту. Яғни оның белгілі иесі болуы керек. Ол мұндағы сауықтыру шараларын ұйымдастырып, көлдің жағдайын өз бақылауына адады», - дейді Зұлфыхар Жолдасов.

Айта кетсек, Көбейтұз – бірегей табиғи су көзі. Әлемде мұндай көл бар болғаны 10 шақты ғана. Ол жылына бірнеше рет қызғылт түске боялып отырады. Судың қызғылт реңкке енуіне негізінен тұзды теңіздерді мекендейтін біржасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді деп саналады. Демек, көлдің тұзды болуының арқасында бұл балдырлар пайда болған. Қазір су айдынының аумағына кіретін жолдарға блок бекеттер қойылған. Осы аймақтың өзге де су көздері 24 шілде күнінен бастап жабылды. Коронавирус індетінің белең алуына және келетін демалушылардың азаматтық жауапкершілігінің төмендігіне байланысты Ақмола облысының туристік аймақтары тек алдағы 3 тамыз күні ашылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: liter.kz