Медицина қызметкерлерінің балаларына арналған танымдық жоба қолға алынды

Медицина қызметкерлерінің балаларына арналған танымдық жоба қолға алынды

Домбыра, фортепиано, скрипка, гитарада ойнап, эстрадалық ән айту, сурет салу, актерлік шеберлікті үйрену. Еркін күрес, классикалық күрес, дзюдо, гимнастика, бокс, таэквондомен айналысу. Енді медицниа қызметкерлерінің балалары жазғы демалыс кезеңінде «Пайдалы бос уақыт» атты жаңа жоба аясында білім ала алады. Оған 9 бен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатыса алады, деп хабарлайды «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметі.

«Пандемия барлығымызды медицина қызметкерлерінің жұмысын одан да жоғары бағалауға үйретті. Көптеген ақ халатты абзал жандар өз өмірлеріне қауіп төндіре тұра, өзгенің өмірін сақтап қалу үшін алдынғы қатарда жүр. Олар бұрынғыдай уақытылы отбасыларына уақыт бөле алмайды. Өз кезегінде медицина қызметкерлерінің жанұясы мен балалаларына да оңай емес. Дәрігерлердің туындаған жағдайға байланысты балаларының дамуы және тәрбиесімен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жазғы демалыс кезеңінде балаларға  білім беруге арналған «Пайдалы бос уақыт» атты жаңа жобаны қолға алды. Бұл балаларға жаңа білім алуға және онлайн режимінде өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар балалар мен ата-аналардың ыңғайлылығы үшін жоба аясында жаңа https://taplink.cc/mcs.govrk платформасы құрылды. Жобаға қатысу үшін балалар қысқа сауалнаманы толтырып, координаторлардың көмегімен сабақ кестесін ала алады.

«Жаңа танымдық жоба карантиндік демалыс кезеңінде балалардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың рухани азық алуына және бос уақыттарын пайдалы өткізуге зор үлесін қосады. «Пайдалы бос уақыт» жобасы балалардың үйден шықпай сапалы әрі қажетті білім алуына зор үлес қосып, медициналық қызметкерлерді қолдаудың пайдалы тәсілі болмақ», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

 

Фото: inform.kz