Аймақтардағы жастар «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясына үн қосты

Аймақтардағы жастар «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясына үн қосты

Коронавирус пандемиясымен күрес майданында жүрген ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіру шарасына аймақ жастары қосылды. Таразда «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері ақ халаттыларға арнап құнарлы тағам түрлері салынған 100 себет дайындады. Оларды ең алдымен, коронавирус инфекциясы мен пневмонияға шалдыққан 200 науқас емделіп жатқан қалалық балалар ауруханасының ұжымына тарту етті. Игілікті іс эстафетасын жергілікті кәсіпкерлер де қолдап, 5 ауруханаға 10 тонна құтыдағы ауыз су әкеліп берді.

«Жалпы, қаламызда 5 ауруханада вирус жұқтырған тұрғындар жатыр. Солардың барлығына және көмек көрсетіп жатқан дәрігерлерге алғыс акциясын ұйымдастырамыз. Бұл акция аудандарда да өз жалғасын табатын болады. Келесі аптада кәсіпкерлердің ұйытқы болуымен 50 оттегімен тыныс алу аппараты. Оны да бөлек табыстайтын боламыз»,- дейді «Jas Otan» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Болатбек Уәлихан.

Медицина мамандарына алғыстарын қарағандылық жастар да жеткізді. «Jas Otan» жастар қанатының мүшелерімен волонтерлер бірігіп жергілікті дәрігерлерге түскі ас ұйымдастырды.

Ал ақтаулық волонтерлер ақ халаттыларға ауруханадағы жұмыстарында көмек көрсетуде. Науқастардың жақындары жеткізген сәлемдемелерді есік алдынан қабылдап алып, қоларбаға салып, күнұзақ палаталарға тасымалдайды. Жергілікті Орталық аурухана ғимараты 29 маусымда провизорлық стационар болып өзгерді. Мұнда 550 адамға төсек-орын жабдықталған. Науқастарға қарайтын дәрігер, мейірбикелерге жергілікті медицина колледжінің студенттері де қолғабыс етеді.

«Күннің ыстығына қарамастан таңертеңнен кешке дейін жігіттер, осы азаматтар, волонтерлер көп көмек көрсетіп жатыр. Біздің уақытымызды үнемдейді. Медсестра, санитаркаларымыз науқасты қарайды. Ал олар даладан келген передачаларды алып келіп, реттеп бөлімшелерге және 3-этаждағы 40 төсектік реанимация бөліміне жеткізіп беріп жатыр. Оның арасында олар біздің қызметкерлерге де шәй әкеліп те жатады. Мен қазір осы азаматтарға өз мекемеміздің атынан көп-көп рақмет айтқым келеді»,-дейді облыстық аурухананың бас мейірбикесі Айтбибі Өтегенова.

 

Фото: lenta.inform.kz