1 миллионнан астам азамат азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар үшін үкіметтен төлем алады

1 миллионнан астам азамат азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар үшін үкіметтен төлем алады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылдың шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрық әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап осы айдың соңына дейін төлем ала бастайды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі. Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында тікелей байланысты болдырмас үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарға арналған қаржат бірден банк карталарына аударылатын болады.

Осылайша, 1 миллионнан астам адамға 2 АЕК мөлшерінде, яғни 5,5 мың теңге көлемінде төлем жіберіледі. Олар кімге беріледі? Төлем 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтарға тағайындалады. Атап айтсақ, әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6-дан 18 жасқа дейінгі балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар және барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтарға бұл қаржылай көмек есептелген.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын

Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирустың таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды. Табыссыз қалған қазақстандықтарды қолдау үшін жәрдемақылар, біржолғы төлемдер төленді, оның ішінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: zakon.kz