Коронавирус пандемиясына қарамастан, жағажайда демалушылар нөпірі азаяр емес

Коронавирус пандемиясына қарамастан, жағажайда демалушылар нөпірі азаяр емес

Елорда маңындағы Көбейтұз, Теңіз көліне карантин біткенше баруға тыйым салынды. Ерейментау ауданының әкімі мен мобильді бақылау тобы демалыс күндері адамдар көп шоғырланған көл маңында рейд ұйымдастырды.

Абай Әлжанов коронавирус ауруының кең таралуына байланысты аудан аумағында енгізілген қауіпсіздік шаралары туралы түсініктеме жүргізді. Жалпы, 2020 жылдың 13 шілдесінде өткен жедел штаб отырысының хаттамасында аталмыш көлдерге қатысты нақты ереже жазылған.

«Аумақта коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша карантиндік шараларды күшейту туралы», Ерейментау  ауданының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін аудан шекарасының аумағында орналасқан Көбейтұз, Кұрбет, Теңіз, Қоржынкөл және басқа да көлдерге баруға тыйым салынады», - делінген хаттамада.

Әйтсе де әлеуметтік желіде тараған фотосуреттер мен видеолар бұл хаттама талаптары сақталмай отырғанын айғақтайды.

Жаздың жайдары күндерін пайдаланып, Бурабай өңіріне ағылғандар саны да күрт артқан. Табиғат аясында демалуды жөн санаған қазақстандықтар карантин талаптарын сақтап жатқан жоқ. Осыдан бірнеше күн бұрын Бурабай мемлекеттік ұлттық паркінің баспасөз қызметі жағажайлардың жабылғаны туралы хабарлаған еді. Алайда көл жағасында демалушылардың қарасы азаяр емес. Қауіпсіз арақашықтық сақталмайды. Бірнеше адамға айыппұл салынды.

Коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында да халық ең көп баратын 3 жағажай жұмысын уақытша тоқтатты. Бірақ тұрғындар тыйымға қарамастан, рұқсат етілмеген жерлерде суға түсіп жүр. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ал полицейлер тәртіпке бағынбағандарды әкімшілік жауапкершілікке тарта бастады.

 

Фото: 24.kz