Әлем ғалымдары әл-Фарабидің ғылыми мұрасын бірге зерттемек

Әлем ғалымдары әл-Фарабидің ғылыми мұрасын бірге зерттемек

«Әл-Фараби: өмірі мен мұрасы». Осы тақырыппен Оксфорд университетінің базасында Шығыстың ұлы ғалымының 1150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды. Онлайн форматта ұйымдастырылған шараға Ұлыбритания, Қазақстан, АҚШ және Германиядан ұлы ойшылдың мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар қатысты. Еліміздің Біріккен Корольдіктегі елшісі Ерлан Ыдырысов «Екінші ұстаз» аталып кеткен Әл-Фарабиді жаһандық деңгейдегі тұлға деп атады. Биыл ғалым мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілуі – соның айғағы. 

Өз кезегінде Оксфорд университеті ислам зерттеу орталығының директоры Фархан Низами әл-Фараби мұраларының қазіргі әлем үшін өзектілігіне тоқталды.

«Орталықтың басты академиялық мақсаттарының бірі – Ислам және Батыс білім әлемі арасындағы әріптестікке жәрдемдесу. Әл-Фараби, біз білетіндей, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкада көп саяхат жасады және оны Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп танимыз. Оның ықпалы орасан, ал маңыздылығы – өлшеусіз. Іс-шара нәтижесінде Оксфорд университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттері арасында ұзақ мерзімді ғылыми көпір орнайды деп сенемін», - деді Фархан Низами.

Симпозиумға қатысушылар ғалымның музыка іліміне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Әл-Фараби бұл саланы ғылымның маңызды тармағы ретінде қарастырған. Уэслиан университетінің профессоры, этнограф, араб музыкасының теориясын зерттеуші маман Саида Дәукеева «Екінші ұстаздың» іргелі ғылыми еңбектерінің арқасында Батыс және Орталық Азияда музыкатанудың және музыканың дамуына қосқан үлесі туралы айтып берді.

200-ден астам ғылыми-академиялық және қоғамдық топ өкілдерінің басын біріктірген іс-шараны Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі Оксфорд Ислам зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

 

Фото: enu.kz