Абайдың «Қара сөздері» украин тілінде

Абайдың «Қара сөздері» украин тілінде

Абай Құнанбаевтың 175-жылдығын мерекелеу шеңберінде ақынның «Қара сөздері» украин тіліне аударылды. Кітаптың таныстырылымы Канев қаласындағы Тарас Шевченко атындағы мұражайда өтті. Бұл туралы Қазақстанның Украинадағы Елшілігі хабарлады.

Аударманың авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Николай Васьков жұмыс барысында танысқан Абайдың шығармашылығынан алған әсерлерімен бөлісті. Ол Абайдың ұлылығы тек шығармаларында ғана емес, сондай-ақ, оның өмір сүру дәстүрінде, халықты отан сүйгіштікке шақыруында, ұлт алдындағы жауапкершілігінде екендігін атап өтті.

Т.Шевченко атындағы мұражайдың директоры Игорь Лиховой Абай мен Кобзарьдың ұқсастығына тоқталып кетті. Оның пікірі бойынша, екі көрнекті ақын, ойшыл халықты өзін-өзі дамуына, әділеттілік пен мейірімділікке шақырып, екі халықтың санасында төңкеріс жасады.

Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев өз кезегінде  іс-шараға қатысушыларға Абайдың мәңгілік шығармашылығы мен қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған бүкіл даналығын сіңірген ұлы мұрасы туралы әңгімеледі. Украинадағы қазақ диаспорасының өкілдері  ұлы ақынның «Қара сөздері» мен кейбір өлеңдерін қазақ тілінде оқып берді.

Айта кетейік, Қазақстан елшілігі Тарас Шевченко атындағы музей мен облыстық мемлекеттік әкімшілікке аймақтың ғылыми және оқу орындарына тарату мақсатында кітаптың 100-ге жуық данасын табыстады.

 

Фото: tengrinews.kz