Сарапшы пандемия кезінде салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айтты

Сарапшы пандемия кезінде салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айтты

Пандемия кезінде салауатты өмір салтын ұстануға басымдық берген жөн. Бұл қатерлі індетті жұқтыру қаупін әлдеқайда төмендетіп, иммундық жүйені жақсартудың тиімді жолдарының бірі, дейді кәсіби бапкерлер мен дәрігерлер. Үй жағдайында жасалатын денсаулыққа пайдалы негізгі жаттығулар қандай? Осы және өзгеде сұрақтарға фитнес жаттықтырушы Ерлан Манатаев Kazakh TV тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

Ол күніне 15-20 минут жаттығу жасауға дағдылану керек деген кеңес береді. Денені шынықтыруға спорттық жаттығудың кез-келген түрі жарайды. Ең бастысы, адам өзінің көңіліне жағымды әрі ыңғайлы  түрін таңдаса болғаны.

«Медициналық зертеулер көрсетіп отырғандай, тамырдың соғуын жиілететін жаттығулар жасалуы тиіс. Осының арқасында ағза қалыпты көрсеткіштерін өзгерте бастайды. Сондықтан олар ағзаның жұмысын жақсартуға көмектеседі. Мәселен, жерге жатып сәл серпілудің өзі жеткілікті болады.  Меніңше, бұл орайда ең пайдалы жаттығулардың бірі тізені бүгіп отырып-тұру.  Оны орындықпен жасауға болады. Оны орындау үшін ерекше икемділік пен дайындық қажет емес. 5 минуттан бастап әрі қарай шамаңызға байланысты уақыт пен қайталау тәртібін көбейте беруге болады. Ең бастысы, күнделікті жасап тұрған жөн», - дейді Ерлан Манатаев.

Қарапайым спорт жаттығуларынан бөлек, иммундық жүйені жақсартудың өзге де тиімді жолдары бар. Дұрыс тамақтану, таза ауа жұтып, ашық аспан астында серуендеу сынды салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс, дейді кәсіби бапкер. Сондай-ақ, ұйқы режимін сақтауға кеңес береді. Тәтті шырындардан бұрын таза ауыз су ішкен ағзаға әлдеқайда пайдалы екенін де тілге тиек етті. Бұл орайда дұрыс тамақтанудың да мәні айрықша.

«Қарапайым ғана кеңес берейін. Мен күнделікті жеміс-жидек пен көкөністің 800 грамын жеуге тырысамын. Кешкісін үйде бар картоп, қызылша, орамжапырақ, алма сынды жемістер мен көкөністерді өлшеп, дайындап қоямын. Бұндай мәзірдің құны қымбат емес. Орта есеппен 300-400 теңге шығады. Қаізір жемістер мен көкөністер маусымы. Олар ағзаға аса пайдалы дәрумендерге толы болады. Калориясы аз азық-түлікпен тамақтанған дұрыс», - дейді маман.

Жүйелі жаттығулар, мөлшерлі тамақтану, күнделікті серуен құру – физикалық және психологиялық тұрғыда денсаулықты жақсартудың кепілі, дейді маман. Пайдалы әрі дәмді тамақ эндорфиннің бөлінуіне ықпал етеді. Ол жақсы көңіл күймен қатар, иммундық жүйені жақсартуға септесетіні баршаға мәлім.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: spb.kp.ru