Коронавирус майданында жүргендерге алғыс: қазақстандықтар дәрігерлерге қолдау акцияларын өткізуде

Коронавирус майданында жүргендерге алғыс: қазақстандықтар дәрігерлерге қолдау акцияларын өткізуде

Қазақстан жастары медициналық қызметкерлерге алғыс білдіру мақсатында «Дәрігерлерге тағзым» акциясын бастады. Алматы қаласында «JasOtan» белсенділері иммунитетті көтеруге арналған тағамдардан құралған 800-ден аса денсаулық жинағын дайындаған.

 «Қазақстанда ондаған мың адам инфекция жұқтырған. Медициналық қызметкерлердің жанқиярлық еңбегінің арқасында көптеген пациенттер сауығып шықты. Дәрігерлер адам өмірі үшін тәлік бойы күресіп келеді. Қайырымдылық акциясын бастай отырып, біз осындай қиын шақта оларға қамқорлық пен жылу сыйлағымыз келді», - дейді волонтерлер.

Игі шара Коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қолдауымен қолға алынған. Жасотандықтар Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында, Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында, Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында болды.  Акцияға тартылған барлық волонтерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.

Қазақстандықтардың өмірі үшін күн-түн демей арпалысып, күрес жүргізіп келе жатқан ақ халатты абзал жандарға деген алғысын ақтаулықтар да білдірді. Қала көшелерінде медицина қызметкерлерінің портреттері орнатылды. Пандемия кезінде жанқиярлық еңбегімен көзге түскен медбикелер, инфекционистер, анестезиологтар, жедел жәрдем дәрігерлер және т.б. мамандардың бейнелері 100-де аса билбордқа салынды. Аймақта коронавируспен күрес майданында 400-ден аса маман еңбектенуде.

«Жанын шүберекке буып, өмірлерін тәуекелге қойып, осы індетпен арпалысып жатқан біздің ақ халатты жандарға жасаған акциямыз. Бұл жерде тек қана дәрігерлер емес, медбикелер,санитарлар, лаборатория қызметкерлері бар. Тіпті бізде ауыр халдегі науқасты өзінің қолына көтеріп, аурухана ішіне кіргізген полиция қызметкері де бар. Кейін өзі де осы аурумен ауырды. Бірақ қазір Құдайға шүкір, жазылып шықты. Сондықтан да сол кісілердің бәрінің еңбектері еленетін болады. Осы жерге ілінетін болады», - дейді Ақтау қ. әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Туған-туыстарын айлап көрмей, күні-түні пациенттердің өмірі үшін індетпен арпалысып жатқан мамандардың еңбегін бағаламау мүмкін емес, дейді қазақстандықтар. Бүгінгі күннің батырларына да қолдау қажет. Сол себепті әлеуметтік желілерде көптеген флешмобтар ұйымдастырылуда. Ал медицина қызметкерлері қазақстандықтарды жеке қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

 

Фото: lenta.inform.kz