Білім гранттарына өтініш қабылдау мерзімі ұзартылды

Білім гранттарына өтініш қабылдау мерзімі ұзартылды

Карантин жағдайында талапкерлерге ыңғайлы болуы үшін білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау мерзімі ұзарды. Құжаттар шілденің 20-сына дейін емес, 25-іне дейін қабылданады, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігі.

Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкер Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы мына құжаттарды тапсыруы қажет: өтініш, білімі туралы құжат (аттестат), жеке куәлік көшірмесі. Медициналық анықтамалар әзірге талап етілмейді.

ҰБТ сертификаты электронды форматта берілгендіктен, ол жүйеде автоматты түрде пайда болады, сондықтан оны Egov.kz-ке жүктеудің қажеті жоқ. Конкурс нәтижесі бойынша мемлекеттік гранттың тағайындалғаны туралы электронды сертификат ұсынылады. Талапкерлерге қағаз сертификатты алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, деп ескертеді министрлік.

Ведомствоның хабарлауынша, грант тағайындау форматы өзгерген жоқ. Маусым айында өткен ҰБТ қорытындысы бойынша үміткерлер мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысады. Осы жылы гранттар оқу тіліне байланысты болмайды. Жоғары оқу орындары талапкерлерді тамыздың 10-25 аралығында оқуға қабылдайды.

Жоғары оқу орындарында білім қашықтан беріледі. Дәстүрлі формат жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өндірістік оқыту және кәсіби практика үшін өткізіледі.

 

Фото: ic24.kz