Қоғамдық бақылау топтары гуманитарлық жүк пен дәрі-дәрмектердің үлестірілуін қадағалауда

Қоғамдық бақылау топтары гуманитарлық жүк пен дәрі-дәрмектердің үлестірілуін қадағалауда

Қазақстан астанасында және ел өңірлерінде коронавирустың таралуына байланысты шараларды қоғамдық бақылау топтары жұмыс істей бастады.

Халықтық бақылаушылар Қызылордаға Қытайдан жеткізілген гуманитарлық көмекті қарсы алуға қатысқан. Бұл туралы қоғамдық бақылаудың өңірлік үйлестірушісі Лима Диас Facebook парақшасында жазды. Оның атап өтуінше, гуманитарлық жүкте 1 600 медициналық қорғаныс комбинезоны, 8 200 дана бір реттік хирургиялық қолғап, 50 инфрақызыл термометр, 5 400 дана №95 медицина маскасы, 28 960 хирургиялық маска, 3 700 медициналық қорғаныс көзәйнегі бар. 15 шілдеде гуманитарлық жүк медициналық мекемелерге бөліп беріледі.

Ал Павлодар облысындағы қоғамдық бақылаушылар Катардан жеткен гуманитарлық жүктің үлестірілуіне мониторинг жасады. Бұл туралы өңірлік үйлестіруші Алма Қозбаева Facebook парақшасында жазды. Оның мәліметінше, 14 шілде күні Павлодар облысына Катардан жеке қорғаныс заттарының 18 түріндегі (қорғаныс маскасы, қорғаныс костюмі, пластика көзәйнек және басқалар) гуманитарлық жүк келіп түскен. Аталған көмектің облыстағы 38 медициналық ұйымға жеткізілуіне мониторинг жүргізілді.

Ал ел астанасы Нұр-Сұлтанда мониторинг тобы дәріханаларда дистрибьюторлар тарататын дәрілердің болуын тексерді. Елордаға соңғы екі күнде 1 млн 200 мың қаптама дәрі-дәрмек әкелінді. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі жүк ұшағымен коронавирус, пневмония және басқа да бірқатар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек келді. Келіп түскен тауарлардың тізімінде дәрі-дәрмектің 400-ге жуық түрі бар. Мысалы, ксарелто, цефтриаксон, клексан, азитромицин, дексаметазон, метилпреднизолон, ибупрофен, нимесулид, кардиомагнил, левофлоксацин, метронидазол, гепарин, нимесулид, ибуфен, парацетамол, офлоксацин және т.б.

Мониторинг тобы тұрғындар ең көп баратын 15 ірі дәріхана желісін қамтыды.

«Керек дәрі-дәрмектер қажетті мөлшерде жеткізілiп жатқанымен, сұраныс өте жоғары болғандықтан, олар азаматтар арасында бірден сатылып кетіп жатқаны байқалды. Сондықтан, дәріханалардың көпшілігінде дәрі-дәрмектерді жан басына тарату шектелген. Тұрғындардың көпшілігі дәріханаға кезекте тұрғанда қауіпсіздік шараларын, әлеуметтік қашықтық сақтамауда. Барлық келушілер санитарлық ережені қатаң сақтауы тиіс», – дейді қалалық жастар саясаты басқармасының бөлім башысы Ақұлан Тастемір.

Үкімет пен елорда әкімдігі дәрі-дәрмектерді сатып алу мен әкелу рәсімдерін жеңілдету, логистика бойынша қолдау көрсетуде. Дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендермен күрес күшейді. Дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттағаны анықталса, азаматтар іKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, сондай-ақ +7 775 160 55 32 WhatsApp нөміріне хабарлама жібере алады. Дәрі-дәрмектің бағасы күмән тудырған жағдайда, dari.kz қосымшасы мен ndda.kz ресми сайты арқылы, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген сілтеме бойынша adilet.zan.kz тексеруге болады.

 

Фото: kursiv.kz