Әмбебап еріктілер: елордалық тұрғындар карантин кезінде бір-біріне қол ұшын созып, қолдау білдіруде

Әмбебап еріктілер: елордалық тұрғындар карантин кезінде бір-біріне қол ұшын созып, қолдау білдіруде

«Адамның күні адаммен». Осы сөзді кім айтса да пандемияның өршіген тұсында өз ақиқатын анықтай түсті. Жақсылық жасауда алдына жан салмайтын елордалық 3 мыңнан астам адамның әрекеті бұған дәлел.  Наурыз айының басынан бері Нұр-Сұлтандағы жастар саясаты жөніндегі басқармаға мыңдаған адам ерікті болу туралы ұсыныспен келген. Бұл туралы Kazakh TV тілшісіне сұқбатында мекеме басшысы Дәулет Кәрібек айтты. Оның сөзінше, еріктілер бұл қызметтері үшін бір тиын ақы сұрамағандары былай тұрсын, өз қалталарынан қаржы шығарып, игілікті іске үлес қосқан.

«11 мамырға дейін еріктілер азық-түлік себетін таратып, полиция қызметкерлерімен бірге блок бекеттерде кезекшілік атқарды. Енді бір топ қарт кісілерге көмектесіп, үйлеріне азық-түліктерін жеткізіп берді. Біз оларға тіпті жанармай құйып берген жоқпыз. Еріктілердің әртүрі бар: автоволонтер, олар тағам мен қажеттіліктерді үйді үйге жеткізеді, штурман – волонтерлеріміз олармен бірге отырып, қажетті заттар мен азық түліктерін апарып береді. Сосын волонтер – сұрыптаушылар. Олардың бәрі саналы түрде  басқа адамдарға жақсылық жасау үшін келгендер», - дейді Дәулет Кәрібек.

Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысының айтуынша қазіргі күні 50 шақты  ерікті стационарлар мен бұрынғы «Рамада Плаза қонақүйінде кезекшілік атқарып жүр. Олардың көпшілігі астаналық  медицина институтында оқитын студенттер, яғни болашақ дәрігерлер.  Жергілікті медколледж тәлімгерлерінен құралған волонтерлік топ та коронавируспен күресте үлес қосуға дайын отыр.

«Олар стационарлардағы дәрігерлердің қасына көмектесуге өздері сұранды. Қазір емханаларда алдын ала дайындықтан өтіп жатыр, кейін біртіндеп қосылады», - дейді Дәулет Кәрібек.

Айта кетейік, еріктілердің арасында меценаттар да бар. Мәселен «джентльмендер клубы» атты ұйым 300-ге жуық азық түлік себетін дайындап, жеткізіп берген. Дәулет Кәрібектің ойынша Қазақстанда ұжымдық волонтерлық кең етек алып келеді.

«Жомарттың қолын жоқ бойлайды» десе де қолынан келер жақсылықтан өзі қиналып жүрген жандар да шет қалғысы келмейді екен.

«Бір жолы қарт әжейге көмек жеткізіп бердік. Оның үйінде басы артық тамақ жоқ еді. Бірақ біз келеді деп наурыз көже пісіріп қойыпты. Ильинкада тұратын бір апай маска өте қат кезде бізге арнап тігіп қойғанын көрдік. Үйінен маска тігіп, еріктілерге әкелген жандар өте көп болды. Волонтер жастарымызға арнап қолдан тұмар тігіп, тілеу тілеген үлкен кісі есімізде қалды. Олар кері байланыстарын үзген емес. Үнемі қал-жағдайымызды сұрап тұрады», - деп, әңгімеледі басқарма басшысы.

Елордада жұрт қайғысын бөлісіп, көмек көрсетуге ұмтылушылар қатары күн сайын көбеюде дейді Дәулет Кәрібек. Ал жаңадан еріктілер қатарына қосылғысы келетіндер астаналық жастар саясаты жөніндегі басқармаға хабарласуына болады. Ол үшін  Instagram  желісіндегі @ns_jastary парақшасына жазу жеткілікті.

 

Фото: inform.kz