Күшейтілген карантин талаптары: алматылықтар тау баурайында демалу ережелерін ұстануы тиіс

Күшейтілген карантин талаптары: алматылықтар тау баурайында демалу ережелерін ұстануы тиіс

Бұдан былай Алматы тұрғындары демалыс күндерін тау баурайында өткізе алмайды. Бүгіннен бастап күшейтілген карантин режимі аяқталғанға дейін Медеу, Бутаков, Алма-Арасан сынды  ұлттық парктерге кез келген көлік түрінің кіруіне тыйым салынды, деп хабарлайды Алматы әкімдігі. Дегенмен аталған аумақтарда жұмыс күндері жаяу және велосипедпен серуендеуге рұқсат етіледі. Ол үшін тұрғындар төмендегі талаптарды орындауы тиіс:

1. Өзімен бірге азық-түлік (сусыннан басқа) әкелуге, отырыс ұйымдастыруға және от жағуға қатаң тыйым салынады;

 2. Парк аумағында үш адамнан артық топтасуға болмайды;

3. Санитарлық нормаларды және әлеуметтік арақашықтықты ұстану қажет (маска кию, адамдар арасында қашықтық сақтау).

Карантин шараларының сақталуын ТЖД, құқық қорғау органдары, СЭС және Ұлттық парк қызметкерлері бірлесіп қадағалайды. Жоғарыда көрсетілген ережелерді бұзған азаматтар парк аумағынан шығарылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Аталған шаралар қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген.  Осыны ескере отырып қала әкімдігі тұрғындардың карантин кезінде тауға бармауына  кеңес береді.

Айта кетейік, Қазақстанда карантин 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзартылды. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Қатаң карантиндік шектеу шараларының екінші аптасы өтіп жатыр. Вирустың таралуына қатысты жағдай күрделі. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиологиялық ахуалды одан әрі тұрақтандыру үшін елде шектеу шараларын тағы 2 аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдап отырмыз», - деді Асқар Мамин.

 

Фото: realkz.com