Қазақстандықтар коронавирус құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды

Қазақстандықтар коронавирус құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды

Ақорда резиденциясының алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірқатар лауазымды басшылар коронавирус індетінен қаза тапқан азаматтарды құрметпен бір минут еске алды. Құрбандарға тағзым шарасын республикалық арналар тікелей эфир арқылы көрсетті.

«Біз бүгін індеттен қаза болған отандастарымызды еске алып, тағзым етеміз. Қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында бұл сынақты тезірек еңсереміз деген сенімдемін», – деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.

Айта кетейік, шара бүкіл ел көлемінде өтті. Солардың бірі – бас қаладағы бас Мемлекеттік тудың жанында ұйымдастырылды. Ұлттық ұланның Құрмет қарауылы, Қорғаныс министрлігінің сарбаздары, құтқарушылар және полиция қызметкерлері сап түзеп, індет құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

 

Фото: dailynews.kz