13 шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні

13 шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні

Бүгін Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандарды ұлттық аза күту күні. Елде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылды, телерадио хабарларын тарату желісі өзгертілді.   Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12:00-де бүкіл ел бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланады. Елдегі мешіттер мен шіркеулерде құрбандар рухына бағышталып, діни жоралғылар жасалады.

Тосыннан келген індет әлем бойынша 569 мыңнан астам адамның өмірін жалмады. Ал елімізде  осы күнге дейін 375 отандасымыз Covid-19 кесірінен көз жұмды.  «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» демей ме ұлы Абай. Елімізде жарияланған Аза Тұту марқұмдардың қазасы қабырғасына батқан әр жақынының қайғысын бөлісудің, өліге-құрмет, тіріге-иман сұрап, құрмет көрсетудің үлгісі.

«Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын» деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған телеүндеуінде.

Коронавирус індетімен ымырасыз күресті басынан өткеріп жатқанның бірі - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгін ол қара жамылған отбасыларға көңіл айтты.

«Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның ­– әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін»,-делінген  көңіл айту хабарламасында.

Қазіргі міндет қайтыс болғандарды жоқтау ғана емес. Коронавирусты ауыздықтап, өмір үшін күресіп жатқан науқастардың індет тырнағынан аман қалуына жәрдемдесу, санитарлық талаптарды барынша сақтап, жақындарымыздың амандығы үшін жауапкершілікте болу – бүгінгі күннің басты талабы болып тұр. Бұл туралы:

«Қазақ – сан қилы тарихында бұдан да ауыр сынақтардан сүрінбей өткен және талай тар жол, тайғақ кешуден аман қалған халық. Соның бәрінде бекем бірлік пен ырыс-ынтымағымызға табан тіредік. Қазір де дәл солай ауызбіршілік танытсақ, аурудың әрі қарай асқынуына жол бермейтініміз сөзсіз. Сондықтан әрқайсымыз жақындарымызға жанашырлық танытып, мамандар анықтап берген талаптарды орындауға ерекше көңіл бөлейік! Әр азаматымыздың амандығы үшін бірге күресейік!» – деп жазды Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

«Kazakh TV» телеарнасының ұжымы да қатерлі індеттен көз жұмғандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

 

Фото: inform.kz