iKOMЕК 109: тұрғындардан түсетін сұрақтың төрттен бірі коронавирусқа қатысты

iKOMЕК 109: тұрғындардан түсетін сұрақтың  төрттен бірі коронавирусқа қатысты

7  мыңнан бастап 29 мыңға дейін. iKOMЕК 109 орталығына тәулігіне осынша қоңырау шалынып, хабарлама түседі. Азаматтарды толғандыратын сауалдар сан алуан. Алайда бір де бір тұрғын сауалы назардан тыс қалмақ емес. Ел білгісі келетін мәселе әралуан болғанымен орталық  та осыған бейімделген: қызметкерлер 2000-дай категория бойынша мәселені қарастыруға маманданған. Кей сауалдар жыл маусымына қарай түрленіп отырады.

«Қыс кезінде  оқу орындарындағы сабақтың өткізілмеуі, аулалар мен көшелерді қар мен мұздан тазалау, қалааралық күрежолдардың ашылу немесе жабылу мәселесі бойынша сауал көбейеді. Жазғы маусымда қоғамдық көліктер, абаттандыруға қатысты сауалдар. Атап айтқым келетіні біз сан қумаймыз. iKOMEK – бұл тұрғындардың әкімдікке немесе коммуналды қызметке сауалын бағыттауға  ыңғайлы сервис және қала тұрғындарының оны қолдану ауқымы жылдан жылға ұлғайып  келеді»,  – дейді iKOMEK қалалық орталығының басшысы Жаннат Дубирова.

Коронавирус өршіп тұрған қазіргі кезде орталық жұмысы бұрынғыдан қыза түскен. Қоңыраулар саны бірнеше есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Мәселен, соңғы аптада тұрғындарды дәріханаларда дәрілер тапшылығы мен бағасының шектен асып кеткені туралы шағымдар көбейген. Ондаған адам орталыққа звондап, дәрі-дәрмекке қатысты жағдайды жеткізген.

«Бізбен байланысудың сан түрлі жолы бар: 109 тегін нөміріне қоңырау шалудан бастап мобильді қосымшаға дейін қамтыдық. iKOMEK сынды қызметтің пайда болуы тұрғындардың мәселеге тереңнен үңілмей шешілу тетігін сұрауына және шағым, мәлімдеме жасауына ыңғайлы. Бар болғаны бізге өзіне ығайлы жолмен хабарласса сауалдың тиісті мекемеге жетуі және шешімін табуына дейін біз үйлестіреміз», - деп атап өтті Жаннат Дубирова.

iKOMEK оратлығындағы барлық маманды әмбебап деуге негіз бар. Олар әртүрлі тақырыптағы сауалдарды қабылдап қана қоймай тиісті кеңес те береді. Бұған үнемі жаңартылып отыратын деректер базасының көмегі көп. Ал егер мәселе оператордың құзырында болмаса тиісті мекемелерге жалғайды немесе байланыс нөмірлерін береді. Ара-тұра iKOMEK операторлары қызықты жағдайға тап болатыны да бар.

«Бір қызық оқиғаны айтып берейін. Қаладағы қонақ үйлердің біріне сұңқар құс ұшып кіріпті. Әкімшілік пен бөлмені жалға алушы қайда хабарласарын білмей 109 нөмірін терген. Біз ветқызметке хабарлап, 30 минуттың ішінде жабайы құс орманға жіберілді. Тағы бір жолы тұрғындардың бірі әкімнің аты-жөнін сұрап хабарласқан. Кейін анықталғандай ол қала басшысына мәлімдеме жазбақ болған, оның қоңырауы тіркелгеннен кейін әлгі ойынан айнып қалыпты», - деп еске түсірді орталық басшысы.

Жыл басынан бері iKOMEK орталығына 1 млн 322 мың өтініш түскен. Оның төрттен бері төтенше жағдай мен коронавирусқа қатысты. Тек өткен тәулікте ғана мамандар 7 мың тұрғынның сауалын қабылдады.

 

Фото: komando.com