Сарапшылар: Аза тұту күнін жариялау – пандемия құрбаны болған қазақстандықтарға көрсетілген құрмет

Сарапшылар: Аза тұту күнін жариялау – пандемия құрбаны болған қазақстандықтарға көрсетілген құрмет

Қазақстанда 13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикада қалыптасқан ахуалға байланысты телеүндеуінде айтты.

«Көптеген елде жағдай бізден де қиын. Дегенмен «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді», - деді Тоқаев.

Аза тұту күнін жариялау туралы шешімді сарапшылар пандемия құрбаны болған қазақстандықтарға көрсетілген құрмет деп атады. Сонымен қатар Президент атап өткендей, қазіргі күні сабырға келіп, дұрыс әрекет жасаудың маңызына назар аудартты.

«Бұл баршамызды халқымыздың басына түскен сынақтар алдында қайсарлыққа, сабырлылыққа, жауапкершілік танытуға шақырды. Пандемия - адамзаттың сан ғасырлық тарихында орын алып тұратын апаттар. Әр кезеңде әлем, елдер мен адамдар өмірге, болашақ үшін күресуге, медицинаға, ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, жеңіске деген сенімнің арқасында қорқынышты індеттерді жеңген. Президент айтқандай, біз жеңіске жетеміз», - деді  Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова.

«Қаһарына мінген індетпен күресте дәл қазір керегі - үрейге берілмеу! Күресті тоқтатпау! Шілденің басында саны 400 ғана болған әмбебап мобильді  әмбебап топтардың саны ай соңында 3,5 мыңға дейін жеткізіледі. ПТР тест тапсыру орталықтары  тәулігіне 40  мыңға дейін сараптама жасайтын болады. Дәріханаларға парацетамол, антибиотиктер сынды қажетті медикаменттер жеткізіледі. Дәрігерлер ақпараттық жұмысты күшейтетін болады. Індетпен күреске бөлініп жатқан қаражат үздіксіз, жіті бақылауға алынады. Халық қиналып жатқанда есебін түгендеп жанталасқан арсыздардың жолы кесіледі», - деп жазды Сенат депутаты Дана Нұржігіт.

Айта кетейік, Қазақстан 2019 жылдың 28 желтоқсанында жарияланған жалпыұлттық Аза тұту күнінен кейін араға жарты жыл уақыт салып, короновирус індетінен адамдардың қаза болуына байланысты қаралы күн жариялады. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бастап, яғни 1991 жылдан бері Қазақстанда Аза тұту күні тоғызыншы рет жарияланды. Коронавирустан көз жұмған азаматтарын Аза тұтқан елдер қатарында Қытай, АҚШ, Испания елдері бар.

 

Фото: inform.kz