Президент тапсырмасы: Заңсыз дәрі сатқандар қатаң жазаланады

Президент тапсырмасы: Заңсыз дәрі сатқандар қатаң жазаланады

Дертіне шипа болар дәрі таппай сандалған жұртты әуреге салып, заңсыз дәрі сатқандар қатаң  жазаланады. Осылай деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты дүрбелеңге салынбауға шақырды.

«Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары дәрі-дәрмектің бағасын заңсыз қымбаттатқан адамдарды ұстап жатыр. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда. Ел азаматтарын дәрі тапшылығын туғызып, дүрбелеңге салынбауға шақырамын», – деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде арнайы рейд жүргізуді қолға алды. Тіпті тәртіп сақшылары дәрілік заттарды заңсыз әрі қымбат бағамен саудалайтын алыпсатарларды аулау мақсатында ғаламтордағы әлеуметтік желілер мен сайттарды сүзуге кірісті. Өйткені елде пандемияға байланысты дәрі-дәрмек тапшылығы туын-дағандықтан осы өнімді «сөре астынан» сату – баюдың көзіне айналған.

Жүргізілген жұмыс нәтижесіз емес. Полицейлер бас шаһарда бір күн ішінде ғана жалпы сомасы 3,7 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін тәркіледі. Ал, Алматыда осындай заңсыз кәсіптен пайдаға кенелмек болған 2 адамды ұстады. Шымкенттеде еш рұқсат қағазсыз дәрі саудасына білек сыбана кірісіп кеткен 50 астам тұрғын жауапқа тартылды. Атырауда тіпті вирусқа қарсы дәрілер құнын  10 есеге қымбаттатып,  халықты қанаған жеке клиниканың қожайыны енді заң алдында жауап береді. Қарағандыда да адамдардың тауқыметінен табыс табуға ұмтылған қаскөйлер табылды. Түркістан өңірінде де  дәл осындай 5 факті тіркелген. Ал Ақмола облысында ер адам  өз үйінде түнгі дәріхананы заңсыз ашып алуға дейін барған.  

«Қазақстанда бір күнде дәріні заңсыз немесе аса қымбатқа сатпақ болған 46 адам полицияға жеткізілді. Олардан әртүрлі дәрі-дәрмектің 20 884 қорабы алып қойылды. Оның арасында 2 600 қорап глюкоза мен ферсинол, 2 200 ацетилсалицил қышқылы, 654 парацетамол бар. Кейбір азаматтар жетпей жатқан дәрілерді саудалап, пайда табуға тырысуда. Мұндай әрекеттер нарықта дүрбелең тууына ықпал етті», – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифингте.

Осы ретте заңда қандай жауапкершілік қарастырылғанын айта кетейік: дәрілік заттарды жоғары бағамен сатқаны үшін азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 426-бабы бойынша жазаға тартылады және 2 миллион 778 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.

Жалпы бүгінгі күні халық ішінде үлкен сұранысқа ие препарат түрлерінің тапшылығын өз шешімін тауып келеді. Ел аумағына дәрі-дәрмек заттарын әкелу тәртібі жеделдетілді. Мәселен, екі жұма бұрын 974 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілсе, соңғы аптада оның көлемі артып 1,5 миллиард  теңгенің препараттары алдырылған. Сонымен қатар қазіргі кезде елде коронавирус індетін емдеуге қолданылып жатқан 2,1 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі бар.

 

Фото: dnr-live.ru