Нұр-Сұлтан: болашақ қаласының құрылғанына – 22 жыл

Нұр-Сұлтан: болашақ қаласының құрылғанына – 22 жыл

Орынбор, Қызылорда, Алматыны жағалаған Алаш баласы ғасыр айналып қазығын тапты. Осыдан 22 жыл бұрын Алатаудың бөктерінен көшірілген бас қала Арқа төрінен қадасын қағып, еңселі елдің ордасы көтерілді. Осылайша, Тұңғыш Президент - Нұрсұлтан Назарбаевтің көрегенділігі елдің көшін сара жолға салып, Еуразияның кіндігінде дәулеті мен сәулеті жарасқан шаһар бой түзеді. Елбасының ойын жүзеге асыруға әлем сәулетшілері ағылды. 

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жоғарғы Кеңес ел астанасын көшіру  жоспарын мақұлдаған соң  батыл қадам жасап, бірегей бастаманы жүзеге асыратын мықты тұғырнама қажет болды. Осыған байланысты жарияланған бірінші республикалық байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар қатарында Ақмола. Алматы қалаларының тәжірибелі архитекторлар тобы болды. Алайда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің ойындағы ерекше мәнердегі бірегей  жобаны жүзеге асыруға Кисе Куракава лайық деп танылды. Ол әлемдік сәулет мектебінің аса көрнекі өкілі. Ол Елбасының жоспарындағы метаболизм тұжырымдамасына барынша жауап берді.

Жаңа астананың орнын белгілеу байыппен таңдалған стратегиялық маңызға ие шешім болды. Ең алдымен географиялық орналасуы мен экологиялық жағдайы ескерілді. Ақмола қала құрылысына қажетті ресурсқа бай жер. Түрлі жобаларды жүзеге асыруға шекара көкжиегі кең, әлеуеті жоғары болған еді. Ауқымды құрылыс мекенінің бойын тіктеп, күн санап кейпінің құлпыра түскенінен сыр шертетін  шежірелі деректер қорының негізі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында сақтаулы. 

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бізде елорданың бас құрылыс жоспарына қатысты жылнамалық фото деректер қоры бар. Жобалық эскиздік үлгілердің жүзеге асқанға дейінгі уақытын осы фотосуреттерден көруге болады. Мәселен  қаламыздың бойтұмарына айналған «Бәйтерек» монументінің нобайын Нұрсұлтан Әбішүлы өз қолымен салғанын жақсы білеміз. Сондықтан бізде Елорда тарихын жалпы дамуын  зерттеймін, жақын танысамын деген жандарға материалдық қорымыз жеткілікті.

Бас шаһар әліде толассыз түлеп, дамылсыз даму үстінде. Жаңа көшелер бой түзеп, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттар тұрғызылып, баламасы жоқ бірегей жобалар іске асырылып жатыр. Қала кейпі танымастай өзгеруде. Жақсыны көрмекке. Өзіміз мақтанышпен, өзгелер таңырқай қарайтын Елорда көптің көзаймына айналды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: otyrar.kz