Үкімет карантин талаптарын түсіндірді: айыппұл көлемі, сапарлау талаптары және шектеу ережелері қандай?

Үкімет карантин талаптарын түсіндірді: айыппұл көлемі, сапарлау талаптары және шектеу ережелері қандай?

Қазақстанда 5 шілдеден бастап қатаң карантин енгізіледі. Ел үкіметі шектеу талаптарын бұзғандарға жаза қатал болатынын ескертіп отыр. Ережені сақтамаған азаматтар 30 АЕК және одан да жоғары айыппұл төлеуге дайын болуы тиіс. Бұл 80 мың теңгеге жуық сома. Ел премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгін елордада өткен брифингте осы ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, карантин талаптарын елемеген кәсіпкерлерге айыппұл көлемі 230 АЕК-тен (638 мың тегеден аса) басталады. Қазір ресми нормативтік-құқықтық акт дайындалып жатыр және ол осы аптада қабылданады.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Ералы Тоғжанов карантин туралы қаулыда көрсетілген баптарды түсіндірді. Оның айтуынша, өңірлер арасында жеке көлікпен сапарлауға рұқсат етіледі. Блокпосттар қойылмайды. Бір өңірден басқа өңірге автобуспен, пойызбен және ұшақпен сапарлау үшін ПТР-тест тапсыру қажет емес.

Сонымен бірге Ералы Тоғжанов Қазақстанда ТЖ режимі алынғаннан кейін коронавирус жұқтырғандар және симптомсыз тасымалдаушылар саны күрт артатыны болжанғанын атап көрсетті.

«Қатаң карантин енгізу елімізде бастапқы кезеңде вирустың қауіпті көрсеткіштерге дейін таралуына жол бермеді. Медициналық базаны дайындауға уақыт қажет болды. Бұл – уақытша шара, мемлекет тұрақты түрде ТЖ режимінде өмір сүре алмайды. Экономика жұмыс істеуі тиіс. Ел азаматтарының табыс табуға мүмкіндігі болуы керек. Алдымызда тұрған міндет – санитарлық режимді күшейте отырып, карантин талаптарын жеңілдету», деп мәлім етті Ералы Тоғжанов.

 

Фото: kapital.kz