Домбыра күні – халық үні!

Домбыра күні – халық үні!

Қазақстан Ұлттық Домбыра күнін үшінші мәрте атап өтуге дайындалуда. Мерекеге санаулы күндер ғана қалды. Еске салсақ, биыл атаулы дата 5 шілдеге келіп тұр. Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек. Оның үстіне қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болады. Домбыра патриоттық рухты, тәуелсіздік пен ұрпақтар сабақтастығын бойына жиғандай. Мерекенің аталып өтуі де домбыраның қазақ өмірінде қаншалықты маңызды екендігін айқындай түседі.

Мереке қарсаңында Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінің қорында сақтаулы 20-дан аса домбыраның көпшілік назарына ұсынды. Мұндағы барлық дерлік қос ішекті экспонаттарды Ертіс өңірінің атақты ақын, композиторлрының туыстары тапсырған. Осынау құнды жәдігерлердің ішінен әнші, домбырашы Байғабыл Жылқыбаев пен қазақ кино өнерінің майталманы Кәукен Кенжетаевтың домбырасын көруге болады. Ұлттық домбыра күні қарсаңында музейдің алдына аспаптың эскизі орнатылды. Онда күні бойы күй ойнап тұрады. Онлайн өткен мерекелік шарада өнерсүйер қауым Майра Шамсутдинованың бұрын еш жерде орындалмаған жаңа әнін тыңдады.

«Біздің жалпы музейіміздің ұйымдастырған онлайн шараларымыз бар. Бұл шараның ішінде «Ертіс-Баян» өңірінің композиторлары атты жобамызды, сонымен қатар онлайн-көрмемізді осы музейіміздің алдында тұрған домбыраның эскизін қала тұрғындары мен көрермендерімізге ұсынатын боламыз. Онлайн көрмемізде әндер айтылып, күйлер тартылатын болады. Мұның бәрі халықтың, әлемді жайлап жатқан пандемия уақытындағы рухын көтеру мақсатында ұйымдастырылып жатқан онлайн-шара деп білеміз»,- дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Амангелді Егінбай.

Ал Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының филиалында онлайн байқау ұйымдастырылды. Оған домбыра құлағында ойнайтын жиырма солтүстікқазақстандық қатысуда. Барлығының бейнежазбалары әлеуметтік желіде жарияланып, тұрғындардың және қазылар алқасының ең көп дауыс жинағандары жеңімпаз атанады. Байқау қорытындысы шілденің 20-сында шығарылады.   

 

Фото: oldru.kyzylorda-news.kz