Елбасының Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөліне арналған кітап таныстырылды

Елбасының Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөліне арналған кітап таныстырылды

«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөлі: Елбасы тәжірибесі» атты кітаптың онлайн-таныстырылымы болды. Тың басылымда Нұрсұлтан Назарбаевтің Негізгі Заңды дайындау мен жүзеге асырудағы, еліміздің қазіргі саяси-құқықтық жүйесін құрудағы рөлі баяндалады. Онлайн тұсаукесер рәсімінде ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми 1995 жылы Ата заңды жаңалау туралы шешім қабылдау Тұңғыш Президенттің батыл қадамдарының бірі болғанын тілге тиек етті.

«Кейіннен 30 тамызда өткен референдумда Конституцияның мақұлдануы оған жоғары легитимділік берді. Елбасы стратегиясы және Қазақстан халқының ерік-жігері үндестік тапты. Осы өткен ширек ғасыр Қазақстан Республикасы Конституциясының тиімділігі мен прогрессивтілігін көрсетті. Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары еліміздің азаматтарының сұраныстарына жауап беретін Ата Заңның жоғары сапасына, онда жарияланған құндылықтардың мызғымастығына байланысты», деп атап өтті спикер.

Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов өз сөзінде еліміздегі конституциялық құрылыстың жаңаша тарихы қазіргі Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Шетелдік тәжірибені және озық құқықтық технологияларды пайдалана отырып, отандық заңгерлердің жетістіктеріне сүйене отырып, Елбасы, бір жағынан, халықаралық стандарттарға жауап беретін, ал екінші жағынан, егеменді, тиімді жұмыс жасайтын нағыз қазақстандық құқықтық жүйені құрды», - деді Игорь Рогов. 

Кітап Тұңғыш Президенттің мерейтойына орай дайындалды және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында шығарылды. Конституциялық Кеңес әзірлеген басылым енді ел кітапханаларында, Конституциялық Кеңес пен Елбасы Қорының сайттарында қолжетімді болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz