Туризмнің дамуы: шетелдік саяхатшылар түркі ғалымдарының ізімен сапар жасай алады

Туризмнің дамуы: шетелдік саяхатшылар түркі ғалымдарының ізімен сапар жасай алады

Көшпенділер әлеміне бас сұғып, олардың әдет-ғұрыптарымен, тұрмыс-тіршілігімен және мәдениетімен танысу, тарихи сәулет ескерткіштерін өз көзімен көріп, қасиетті жерлерге бару. Ұлы дала елі саяхатшыларды осылай шақырады. Кazakh Tourism ұлттық компаниясы жаңа туристік тартымды бағыт ретінде Қазақстан туралы имидждік роликтер әзірлемек. Компания өкілдерінің айтуынша, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалатын бейнебаяндарда республиканың таңқалдырарлық туристік әлеуеті көрсетілмек.

Қазақстанның, жалпы Орталық Азия өңірі әлем саяхатшылары үшін ерекше тартымды, дейді сарапшылар. Мұнда шығыс пен батыс, көне өркениеттердің тарихы мен заманауи инфрақұрылым керемет үйлесім тапқан. Көненің ғалымдары осы жерге келуге ұмтылған. Заманауи Орталық Азияның өзге әлем үшін несімен тартымды болғанын туристер Түркі әлемінің ғұлама ғалымдарының ізімен саяхатқа аттанып, біле алады. Мұндай мүмкіндік топтастырылған турлардың арқасында туындап отыр.

Сондай-ақ өзбек мамандары бағытына қазақстандық Түркістандағы Ахмет Яссауи мавзолейі, Өзбекстанның Ташкент облысындағы «Зангиота» мемориалды кешені, Қарақалпақстандағы Хакимота Бакиргоний мавзолейі кіретін трансшекаралық турлар әзірлеуді ұсынып отыр.

«Біз түркі тілдес мемлекеттердің мәдени шараларының Бірыңғай күнтізбесін әзірлеуді ұсынамыз. Оның шеңберінде елдеріміздің мәдениеті мен салт-дәстүрлерімізді айшықтайтын түрлі фестивальдердің ұйымдастырылуын үйлестіретін едік», - дейді Өзбекстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Азиз Абдухакимов.

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан тұрақты мүшелері болып табылатын Түркі кеңесі елдерінің туристік әлеуетін насихаттаумен арнайы спутниктік телеканал айналысады. Сонымен қатар, мамандар республикалардың туристік дестинацияларының бірыңғай картасы енгізілген ортақ интернет-сайт құруды ұсынады. Аталған ресурс арқылы туристер түркі халықтарының тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрыптары және қазіргі өмірі туралы ақпарат алып, виртуалды турлар мен экскурсиялар жасай алмақ.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: liveinternet.ru