Қазақстандық каскадерлер әлемдік киноиндустрияны бағындырды

Қазақстандық каскадерлер әлемдік киноиндустрияны бағындырды

Трюк жасаушы отандық мамандар Голливуд кинондірісінің сенімді серіктестеріне айналды. Болливудты бағындырып, олардың кәсіби қызметіне еуропалық режисерлер жүгінеді. Аса күрделі экшн-трюктері жер жаһанға танылып, әлемдік блокбастерлердің ең қызықты көріністерін қыздыра түседі. Тәсілқойлық ептілігімен өзгелерден оқ бойы озып жүрген қазақстандық «Nomad Stunts» каскадерлері осымен жиырма жыл бойы өз шеберлігімен әлемдік киноөндіріс саласын мойындатып келеді. Олар кең аудиторияның жүрегін жаулаған 60 астам кинотуындының жарыққа шығуына атсалысты. Танымал қазақстандық каскадер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов және оның «Nomad Stunts» командасы режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи фильмінде қойған трюктері үшін Taurus World Stunt Awards жүлдесіне ұсынылды. Бұл – оның еңбегі әлем деңгейінде бағаланған екінші жұмысы. 2017 жылы отандық маман ресейлік «Викинги» картинасынағы жұмысы үшін каскадерлік «Оскар» сыйлығының шорт-парағына іліккен.

«Біздің тобымыздың каскадерлері әмбебап. Өз қызметімізді бір бағытта ғана емес жан-жақты дамуға тырысамыз. Сондықтан болар біз шетелдік студиялардан жиі шақырту аламыз. Орындайтын трюктеріміздің ауқымы кең болғандықтан деп ойлаймын. Себебі батыстың негізгі  каскадерлері тек бір бағыта жұмыс жасайды. Атпен шабатындары оны құлатуға қатысты көріністерден бас тартады. Ат үстінде жасалатын трюктер көп. Біздің каскадерлердің мұндай көріністердің барлық түрін жасайтын мүмкіндіктері бар. Және ол үшін тәжірибелері де жеткілікті», - дейді «Nomad Stunts» халықаралық каскадерлер тобының менеджері Евгения Ли.

Бүгінде қазақстандық каскадерлер тобы АҚШ, Үндістан, Түркия, Ресей сынды киноөндіріс саласы жақсы дамыған елдермен жақсы әріптестік орнатқан. Олардың тәжірибелік қорында танымал «47 ронин», «Марко Поло», «Неудержимые 2», «Путь домой» фильмдері және Netflix пен HBO-ның ірі жобалары бар.

«Біз қазақстандық және шетелдік жоба деп жіктемейміз. Әрбір түсірілімге бар ынта-жігеріміз бен жиған тәжірибемізді салуға тырысамыз. Әрине жұмыс барысында өзгешеліктер бар. Мәселен, Голливудта трюктердің әрбір көрінісін жақсылап дайындау үшін уақыт көбірек беріледі. Негізгі көріністердің трюктерін дайындау үрдісі  бірнеше айға созылуы мүмкін. Ал түсірілім бір аптаға жуық жүргізіледі. Ал Болливудта бәрі соңғы түсірілім алаңында өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұл кинотуындының сапасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан режиссерлер бұндайға жол бермеуге тырысады», - дейді Евгения Ли.

Алда жоспар көп. Олардың жүзеге асуын әзірге жаһандық пандемия тежеп тұр. Көптеген түсірілімдер белгіленген уақытынан кейінге шегерілген.

«Жыл басында Чехияда Netflix стримингтік сервисі телехикаясының түсірілімі басталуы керек еді. Сондай-ақ, Болгариядағы ірі жоба тоқтап тұр. Үндістандағы тарихи картинаның түсірілімі басталмай жатыр. Ол жобада Жайдарбек Күнғожинов экшн-директор болып бекітілген. Әлемдік пандемияға байланысты бұл жобаларды жүзеге асыру уақыты шегеріліп отыр. Жағдай оңалысымен бірден келіссөздерге қайта кірісетін боламыз», - дейді  «Nomad Stunts» халықаралық каскадерлер тобының менеджері.

Disney студиясының «Мулан» атты туындысы 2020 жылғың тамыз айының 20-ына жарыққа шықпақ. Әлемдік прокатқа жол тартатын фильмге қазақстандық каскадерлер түсті. Картинадағы негізгі күрделі экшн-трюктерді отандық мамандар жасаған. Ондағы рөлдердің бірін қазақстандық Nomad Stunts тобының негізін қалаушы, актер, каскадер Жайдарбек Күнғожинов сомдаған. Ол қасқырлар әскері көсемінің рөлін ойнайды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов