Швейцарияда «Абай оқулары» өтті

Швейцарияда «Абай оқулары» өтті

Қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын атап өту аясында Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі «Абай оқуларын» ұйымдастырды.

«Орыс халқы үшін Толстой, ағылшындар үшін Шекспир, немістер үшін Гете қалай бағаланса, қазақ халқы үшін Абай да сондай құрметке ие. Егер әлем Абай туралы және оның қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі туралы білсе, онда біз қазақ әдебиеті әлемдік классикалық әдебиетте өзінің маңызды орнын алды деп айта аламыз», - деп мәлім етті Қазақстан елшісі Әлібек Бақаев.

Ал Цюрих университетінің Антропология және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының жетекшісі, қазақ тілін меңгерген профессор Петер Финке Абай шығармашылығы қазақ әдебиеті мен тарихы үшін аса құнды екенін атап өтті.

Швейцария академиялық ортасының өкілдері, Абай шығармашылығымен сүйсінетін швейцарлықтар, сол елде оқитын қазақстандық студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері Абай шығармаларын қазақ, француз және неміс тілдерінде оқыды.

Оpen-air форматындағы іс-шара Люцерн маңында Альп және атақты Люцерн көлімен қоршалған ескі Мегган сарайы жанында өтті.

«Коронавирус пандемиясына байланысты мұндай формат өте қолайлы және орынды болды, өйткені Абай өлеңдері табиғат аясында ерекше оқылады. Ұлы қазақ ақынын еске алуға арналған «Абай оқулары» өте жылы және достық атмосферада өтіп, қазақ әдебиетін насихаттап, барлық қатысушыларға жағымды естеліктер қалдырды», - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

 

Фото: inform.kz


×