Қазақстанда «Абай ТВ» және «Әл-Фараби» атты екі телеарна іске қосылады

Қазақстанда «Абай ТВ» және «Әл-Фараби» атты екі телеарна іске қосылады

Елімізде екі бірдей жаңа телеарна қалың көрерменге қызметін бастайды. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметі орталығындағы халыққа есеп беру кездесуінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты. Министрдің мәлімдемесіне сәйкес, «Абай ТВ» арнасы ертеңнен, яғни 30 маусымнан бастап іске қосылады.

«Қазір жаңа екі телеарна ашу мәселесі қарастырылып жатыр. «Абай ТВ» және Әл-Фараби» телеарнасы. «Абай ТВ» телеарнасы ертең - 30 маусымда көрерменге жол тартады. Ол «Қазақстан» ТРК құрамына кіреді және отандық мәдениет мұрасын насихаттайтын арна болады. Екінші телеарна «Әл-Фараби» телеарнасы, «Хабар» Агенттігінің қол астында жаңа оқу жылының қарсаңында көрсетіле бастайды. «Әл-Фараби» телеарнасы оқу-ағарту телевизиялық платформасы болады. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналған телеарна ретінде жұмыс істейді. Пандемия кезінде мұндай телеарнаның өзектілігі байқалғанын атап өткен жөн», - деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы 42 отандық телесериал қалың жұртшылық назарына ұсынылатынын да атап өтті. Олар негізінен отбасылық құндылықтар, волонтер қызметі, педагог, дәрігер, полицейлердің имиджін көтеру, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттайды.

Халыққа есеп беру кездесуі барысында Аида Ғалымқызы биыл 7 қазақстандықты БҰҰ құрылымдарында жұмыс істеу үшін еріктілер ретінде жіберу жоспарланып отырғандығын да айтты.

«Еріктілер қозғалысын дамытуға, әсіресе пандемия кезінде Мемлекет басшысының ағымдағы жылды еріктілер жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы үлкен серпін берді. «Birgemiz» республикалық фронт-офисінің қамқорлығымен волонтерлік штаб құрылды, «жедел желілер» ашылды, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсететін 40 мыңға жуық еріктілер жұмылдырылды. Нәтижесінде, төтенше жағдай кезінде елімізде қиын жағдайға тап болған 1 миллионға жуық азаматқа көмек көрсетілді. Олардың қатарында соғыс және еңбек ардагерлері, жалғыз басты қарттар, көп балалы, аз қамтылған отбасылар бар», - деп атап өтті ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Оның айтуынша, еріктілер жұмысын одан әрі жүйелі дамыту үшін бірыңғай вертикаль принципі бойынша - аймақтан республикалық деңгейге дейін волонтерлік инфрақұрылым құрылды. Қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, тиісті заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, оның шеңберінде адамдарды волонтерлік қызметке қатысуға ынталандыру үшін практикалық тетіктер салынатын болады.

«Қазақстанның дамуына және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге үлес қосқан үздік еріктілер мен бастамашылар «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығымен марапатталады. Әрине, бір жыл ішінде еріктілікті дамыту үшін барлық бастамаларды аяқтау қиын, бірақ биылғы жыл жүйелі дамудың шешуші кезеңі болып табылады», - деді Аида Балаева.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына да тоқталған министр, оны іске асыру үшін биыл 97 тармақтан тұратын жоспар жасалғанын мәлім етті.

«Тағы бір үлкен бағыт – бұл қоғамдық сананы рухани жаңғырту. Білетіндеріңіздей, бұл туралы осыдан үш жыл бұрын ұзақмерзімді арнайы бағдарлама қабылданған. Осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды. Қазіргі таңда аталмыш бағдарлама аясында 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр. Бағдарламаны іске асыру бойынша биылғы 2020 жылға арналған 97 тармақтан тұратын жоспар да бар. Оған сәйкес атқарылатын іс-шаралар – тұлғалық даму, ұлттық ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту сияқты 3 бағытқа бөлінген. Міне, әр өңірдің осындай өз жоспары бар», - деді ол.

Министр ақпараттандыру жағынан ruh.kz порталы және осы бағдарламаға қатысты барлық мәселелерді талқылау үшін арнайы «Азаматтық алаң» жұмыс істейтінін жеткізді.

«Әрине, кенже қалған мәселелер де бар. Олар бойынша біз жергілікті ресурстық орталықтармен тығыз қарым-қатынастамыз. Біздің жағымыздан «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып» атты 4 арнайы жоба ұсынылып отыр. Олардың әрқайсысына жеке концепция жасалып қойған. Бұл жобалардың барлығының негізгі идеясы – тұлғаны тәрбиелеу мен қоғамда биік талғам қалыптастыру», - деп қорытындылады ведомство басшысы.

Автор: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: tv-vybor.ru