Туристік индустрия барлық бағытта дамуды жалғастыруда

Туристік индустрия барлық бағытта дамуды жалғастыруда

Пандемия туризм саласына кері әсер етсе де, әлеуеті зор, - дейді сарапшылар. Естеріңізге сала кетейік, туризм ХХІ ғасырға халықаралық сауданың жоғары тиімді секторларының бірі бола отырып, экономиканың тұрақты дамып келе жатқан секторы ретінде кірді. Негізгі индикаторлар бойынша, оның ішінде инвестициялық тиімділігін есепке ала отыра туризмді мұнай саласымен салыстыруға болады. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, осы бағытты дамытуды жалғастыру маңызды.

Айта кетейік, Қазақстанда да бұл салаға үлкен көңіл бөлінеді. Осыған орай жақын арада еліміздің Жамбыл облысында алғашқы тау-шаңғы базасы ашылмақ. Курорттық тау-шаңғы демалыс орнын салуға Жуалы ауданы таңдап алынған. Дәлірек айтқанда, база Батыс Тянь-Шаньның Талас жотасының солтүстік беткейінде, Ақсу-Жабағылы қорығының шекарасында пайда болады. Демалыс орынының ашылуы қазан айына жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау кешенінде барлық қажетті инфрақұрылым бар. Қазірдің өзінде Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолынан тау етегіне дейін 7 шақырымдық магистральдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, ұзындығы 2 шақырымнан асатын заманауи үлгідегі аспалы темір арқан жол орнатылатын болады. Қажетті қондырғылар Аустриядан әкелінбек. Бүгінгі таңда мұнда 350 метрлік арқан жолын монтаждау және орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар курорттық базада қызмет көрсету нысандары мен 20 ғимараттан тұратын коттедж қалашығы салынуда. Егер жоспар жүзеге асса, дәл осы жерде тәулігіне 4 мың саяхатшыға дейін қабылдау мүмкіндігі бар демалыс орны пайда болады.

Нысандар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынуда. Жобаның жалпы құны - 4 миллиард теңге. Таудың шыңынан бастап кешенге дейін 2500 метрлік шаңғы трассасы салынады. Курорттық демалыс орынында қонақтар жыл бойы демала алатынын да айта кеткен жөн. Жаз мезгілінде демалушылар үшін атпен серуендеуге, велосипедпен жүруге, сырғанауға, балық аулауға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар қымыз және саумалмен емдеу түрлері де ұсынылады.

Жол инфрақұрылымы Балқашта да белсенді дамып келеді. Естеріңізге сала кетейік, көл аумағы Қазақстандағы туризмді дамыту бағдарламасына енген болатын. Осы жазда туристердің  келуі үшін ең проблемалы учаскелерді жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда Торанғалық ауылында жұмыс қызу жүріп жатыр. Бұған дейін Шұбар-Түбек кентінде, профилакторияға кіреберісте, Бертыс шығанағындағы демалыс аймақтарына апаратын учаске және Балқашқа кіре берістегі көпірде 24 шақырым асфальт жаңартылған еді.

«Бұл өте жақсы, енді машинамыз тез тозбайды. Оның үстіне мұнда демалыс орындары, туристер көп, олар үшін ыңғайсыздық болмайды, - дейді Тораңғалық ауылының тұрғыны Дмитрий Рудометов.

Еліміздің басқа аймақтарынан туристердің көбірек ағымын тарту үшін әуе қатынасын дамыту жоспарлануда. Осыған орай қалада әуежай қайта жаңартудан өтеді. Аймақты абаттандыру жұмыстары толығымен 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Болжам бойынша бұл Балқашқа туристер ағынын 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Қазір курорт жылына орта есеппен 80 мың адамды қабылдайды. Қайта құру жұмыстарынан кейін демалушылардың саны жарты миллионға дейін өсуі мүмкін.

Ал солтүстікқазақстандық инвесторлар облыстағы Меңгесер тұзды көлінің жағасын абаттандыруды қолға алды. Петропавл қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан су қоймасы өзінің емдік қасиеті бар балшығымен танымал. Меңгесердің суы шипалы. Сондай-ақ, ол Израильдегі Өлі теңізбен бірдей екен. Жыл сайын мұнда жүздеген турист келеді екен. Саяхатшылар арасында Ресейден келетін демалушылар қарасы көп. Алайда, демалушыларға жабайы жағажайларда демалуға тура келетін. Енді кәсіпкерлер мұнда жайлы демалуға жағдай жасауды қолға алып отыр.

Туристерге спорттық алаңдар, кафе, шезлонгтар мен жуыну орындары қойылды. Сонымен қатар адамдар киіз үйде тынығып, салт атпен серуендей алады. Пандемияға байланысты қазіргі жағдайда азаматтарымызға шетелде демалуға шектеу қойылған кезде бұл көлге қызығушылық артты. Себебі, біріншіден көлдің емдік қасиеті мол, екіншіден өзіміздің туған жеріміз!»- дейді инвестор Дмитрий Шарапаев.

Айта кетейік, былтыр Меңгесер көлі «Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері» картасына енгізілген болатын.

 

Фото: pkzsk.info