Кәсіби мереке қарсаңында бір топ БАҚ өкілі марапатталды

Кәсіби мереке қарсаңында бір топ БАҚ өкілі марапатталды

Қазақстанда жыл сайын 28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтеді. Атаулы күн «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңы қабылданған күнге орай былтыр бекітілді. Бүгін өткен салтанатты шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ақиқаттың арда жүгін арқалап жүрген журналистер қауымын төл  мерекесімен құттықтады.

«Журналистика шығармашылық өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениеттілікті, жан-жақты білімділік пен ішкі тәрбиелікті қатар талап ететін мамандық. Өйткені, ғұлама ғалыммен де, біртауар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет, асқақ абырой. Өз басым осындай қасиет пен абыройды отандық журналистикамызды бүгінгідей тамаша биікке көтерген майталман аға буыннан бастап, осы күні ақпарат ағымымен алысқан әрбір тілшінің бойынан көремін. Көріп қана қоймай, сіздердің бар ерекше талғампаздықтарыңызды сезінемін. Сондықтан осындай талғамды қоғамда қалыптастырып, айналамызға адал ақпарат жеткізуге атсалысқан, ауыр да абыройлы еңбектеріңіз үшін алғысымды жеткіземін», - деді министр.

Салтанатты жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бір топ журналистке «Ақпарат саласының үздігі» төс белгісін тапсырды. Мереке қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары саласының 55 қызметкері ерекше төсбелгі иесі атанды. Үздіктер қатарынан «Хабар 24» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Қанат Базылханов та көрінді.

Сонымен қатар шара барысында танымал журналист Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. «Әлеуметтік тақырыптағы үздік сюжет» аталымында «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Мерей Шомаханова жеңімпаз атанды және ақшалай сыйлыққа ие болды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz